Неонатальды скрининг — туа біткен ауруларды анықтау үшін жаңа туған нәрестелерге жүргізілетін міндетті скрининг, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның басты мақсаты — ауыр асқынулардың, мүгедектіктің алдын алу, емдеуді уақытылы бастау.
Алматының №2 қалалық перинаталдық орталығының неонатолог дәрігері Мадина Жақсылықтың айтуынша, бұл тексеріс фенилкетонурия және туа біткен гипотиреозды анықтауға бағытталған:
- Фенилкетонурия — метаболикалық бұзылыс, бұл кезде организм фенилаланин амин қышқылын өңдей алмайды, сондықтан дамудың бұзылуына әкеп соғады.
- Туа біткен гипотиреоз — баланың физикалық және психикалық дамуын кешіктіруі мүмкін қалқанша безінің ауруы.
"Скрининг бірнеше кезеңде жүргізіледі. Үшінші күні жаңа туған нәрестенің өкшесінен бір тамшы қан алынады, шала туған нәрестелерден 7-ші тәулікте алынады. Қан анализі фенилаланин мен қалқанша безді ынталандыратын гормонның деңгейін анықтайды. Егер ауытқу анықталса, диагнозды нақтылау үшін қайтадан қан алынады. Ауру расталған жағдайда бала медициналық генетикке және эндокринологқа жіберіледі, олар ем тағайындайды", — дейді неонатолог.
Егер балаға фенилкетонурия диагнозы қойылса, оған құрамында фенилаланин бар тағамдарды қоспайтын арнайы диета тағайындалады. Туа біткен гипотиреоз кезінде қалқанша безінің гормондарын өмір бойы қабылдау қажет.
Айта кетейік, неонатальды скрининг тегін өткізіледі.
"Ата-аналар тексерістен бас тартуы мүмкін. Бірақ мұның уақытылы диагноз қоюға және ауыр зардаптардың алдын алуға, баланың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретінін түсіну маңызды", — деп ескертті маман.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!