"Хабар" арнасында көктемгі эфир жаңа интеллектуалды сайыстар, қызықты оқиғалар және жарқын премьералармен толықты. Осы маусымда көрермендерді батыл пікірталастар, ерекше шоулар мен үздік ұлттық кино күтіп тұр.
21 наурызда "Хабар" арнасында Наурыз мейрамына арналған "Қазыналы Мереке" телемарафоны көрсетіледі. 12:00-ден 15:00-ге дейін эфирде Астана, Шымкент, Лондон, Мәскеу және Нью-Йорк қалаларынан тікелей қосылулар мен репортаждар көрсетіліп, кең ауқымды мерекелеу шаралары өтетін болады. Марафонға танымал әртістер, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысады. Бағдарламаның арнайы бөлімінде Наурызды шетелде атап өтетін қазақтар туралы сюжеттер мен құттықтаулар ұсынылады. Атап айтқанда, Париж, Түркия мен Германиядан ұлттық дәстүр ұстанған қандастарымыз туралы хабарлар көрсетіледі.
Марафон соңында жасанды интеллект көмегімен дайындалған ерекше құттықтау назарға ұсынылады. Көрермендер Наурыз туралы мультфильм мен виртуалды жүргізушінің эфир жүргізгенін көре алады.
Осы күні "ОйнаIQ" интеллектуалды шоуының екінші маусымы басталады. Ток-шоудың жүргізушісі Алмас Тоғай танымал жұлдыздармен бірге олардың білім қабілеттері мен тапқырлықтарын сынайды. Қонақтар арасында Дәулет Мұқаев, Мереке Қалбаева, Арсен Акиев, Нұрболхан Шарапов, Шерхан Пірназар және басқа да танымал тұлғалар болады.
23 наурыз, жексенбі күні, сағат 14:00-де "Азамат" интеллектуалды бағдарламасы қайта оралады. Бұл бағдарламада еліміздің студенттері арасындағы ең үздік дебатшыларды жаңа форматтағы пікірталас алаңында көруге болады.
Сол күні "Хабар" арнасы Аман Тасығанның "Алғашқы" жобасының жаңа шығарылымын ұсынады. Бұл бағдарламада өз саласында тұңғыш болған тұлғалар туралы айтылады. Жаңа маусымда "Дос-Мұқасан" ансамблінің алғашқы жетекшісі Досым Сүлеев, опера әншісі Майра Мұхамедқызы, спортшы Ұлан Рысқұл және басқа да танымал адамдардың өмір жолдары туралы айтылады.
Кино сүйер қауым үшін екі қызықты премьера дайын: "Заманback" фантастикалық комедиясы және "Бесбармақ" фильмі.
28 наурыз, сағат 12:00-де "Дәстүр" жобасының жаңа шығарылымы шығады. Бұл бағдарламада қазақтың дәстүрлері мен мәдениеті насихатталады.
Наурыз айының соңғы күндерінде де көптеген қызықты контент ұсынылмақ. 29 наурызда музыкалық "Кеш жарық" жобасының премьерасы өтеді. Онда барлық уақыттың хиттері мен еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері туралы әңгімелер айтылады. 30 наурызда, сағат 20:00-де әйгілі "Қызық times" жобасының жаңа маусымы басталады. Бұл шоуда күлкі, әуендер, тосын сұрақтар мен бұрын танылмаған жұлдыздар болады.
"Хабар" арнасын қосып, көктемді бізбен бірге қарсы алыңыздар!