Current Date: 21-03-2025

Әкімдік Бақыт Ибрагимнің Алматыдағы зәулім сарайын сата алмады

Алматыда кәсіпкер Бақыт Ибрагимге тиесілі зәулім үйді сату бойынша аукцион өткізілмеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

e-qazyna.kz деректері бойынша 5 наурызда басталған бағаны көтеру аукционы өткізілмеді. Себебі аукцион басталған кезде бірде-бір қатысушы тіркелген жоқ немесе олардың ешқайсы бастапқы бағасын растаған жоқ, ол — 460,6 миллион теңге.

Жақында Алматының мемлекеттік активтер басқармасы жаңа хабарландыру жариялады. Басқарма үйді қайтадан сатпақ, бірақ аукцион бағаны төмендету бойынша өтеді. Бастапқы бағасы — 1,3 миллиард теңге. Ең төменгі баға — 230,3 миллион теңге. Өтінімдер 26 наурызға дейін қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 460,6 миллион теңгеге бағаланған зәулім үй сатылымға қойылды. Бұл хабарландыру e-qazyna.kz порталында жарияланған еді.

Tengrinews.kz бұл үй 2024 жылы наурызда өмірден өткен кәсіпкер Бақыт Ибрагимге тиесілі болғанын анықтаған. Полиция бұл оқиғаны "Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша тергеген, бірақ қарашада қылмыстық іс жабылғаны белгілі болды.

"Бұл үй Ибрагим Бақыт Жасұзақұлына тиесілі болған. Нысан коммуналдық меншікке қабылданып, 2024 жылғы 23 ақпандағы Алматы әкімдігінің қаулысына сәйкес қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының балансына берілді", – деді Алматы Мемлекеттік активтер басқармасы өкілі басылымның сауалына.

Үйдің жалпы ауданы — 553,6 шаршы метр. Бұл үйді Алматы мемлекеттік активтер басқармасы сатып жатыр. Ол Бостандық ауданындағы Қарғалы шағынауданында, 2-көше, 48-үй мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар, 0,14 гектар жер учаскесі мен қосымша шаруашылық құрылыстары да бірге сатылады.

sauda.e-qazyna.kz

Жарияланған суреттер мен құжаттарға қарағанда үй екі қабатты және жертөлесі бар. Қанша бөлме бары көрсетілмеген. Ғимарат 2011 жылы салынған. Ауласында бассейн орналасқан, ал гаражда бірнеше көлік бар.

Алматы мемлекеттік активтер басқармасы мәліметінше, коммуналдық меншік нысандарын сатудан түскен қаражат жергілікті бюджетке жіберіледі.

Бақыт Ибрагим туралы не белгілі?

Айта кетейік, 2020 жылы қарашада бұрынғы Qazaq Banki акционері Бақыт Ибрагим Bank RBK қаражатын жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2023 жылы оның люкс санатындағы Richard Mille сағаты 196,8 миллион теңгеге аукционда сатылған еді.

2024 жылы Бақыт Ибрагим жазасының өтелген мерзімін есепке ала отырып, бостандыққа шыққаны хабарланды. Ол БАҚ-та Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы ретінде де аталған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз