Current Date: 21-03-2025

Жүзден жүйрік шыққан стартаптар

Елордада «Deeptech бәй­ге» байқауы қорытын­дыланды. Сайыс­­тың жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрады. Назарбаев университетінде (NU – Nazarbayev University) өткен финалға Премьер-министр­дің орынбасары Ермек Көшер­баев, студенттер, зерттеуші­­лер, білім, ғылым және бизнес өкіл­­дері қатысты.

«Deeptech бәйге» байқауы – инкубация, акселерация, Jas Venture, Go Abroad және басқалары сияқты NU стартаптарын қолдау бағдарламалары түлектерінің жобаларын біріктіретін алғашқы ірі, жергілікті іс-шара. Байқау­ға қатысуға өтінімдерді жинау қаңтар айының соңында басталды. 100-ге жуық өтініш түсіп, жетекші бизнесмендер мен венчурлық инвесторлардан тұратын қазылар алқасының шешімімен финалға 10 жоба өтті. Ғылыми әзірлемелер мен инновацияларды ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті deeptech-стартаптардың экожүйесін қалыптастыруға бағытталған бастаманы NU-ға қарасты «Әлеуметтік даму қоры» қолдады.

Финалда 10 стартап жоба таныстырылды, қатысушылар медицинадағы жасанды интеллектіден бастап, ауыл шаруашылығындағы озық мониторинг жүйелеріне дейін әртүрлі салада инновациялық шешімдер ұсынды. Әр жоба үш минуттық баяндаудан (питчингтен) өтіп, содан соң стартаптың негізін қалаушылар қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Сарапшыларды жобалардың ерекшелігі, нарықтық әлеуеті, әрі қарайғы жоспарлары және таныстырылған технология­ларды тәжі­рибелік тұрғыда қолдану мәселелері қызықтырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазылар алқасының құрамы төрағасы Премьер-министрдің орынбасары Е.Көшербаев пен ғылым, білім, бизнес салаларының жетекші өкілдерінен құ­ралған. Қазылар шешімімен сыйақысы 12 млн теңге тұратын бірінші орынды жауынгерлік дрондарды жасауға арналған инновациялық платформа – «Game of drones» стартапы жеңді. Бұл жоба симуля­циялар арқылы оқытудың неғұрлым қолжетімді, тиімді әдістерін пайдаланады. Қазіргі уақытта стартаптың 23 елден ­10 мыңнан аса пайдаланушысы бар екен. Жобаның негізін қалаушы Абылайхан Жақанов: «Платформа – киберспорт­тың жаңа форматы, мұнда ойыншылар қозғалыс жасау арқылы шынайы тех­никаны басқара алады. Алайда бұл технологияның әлеуеті одан да жоғары: стартаптың шешімдерін аграрлық секторда, қорғаныс және өндіріс салаларында қолдануға болады. Осы платформа негізінде команда ұшқыштарды даярлау құнын айтарлықтай төмендетуді ұсынып отыр. Мәселен, әскери қызметкерлерді даярлау шығынын 100 есе азайтуға мүмкіндік мол», дейді.

Сыйақысы 10 млн теңге тұратын екін­ші орын иегері – геймификация мен AI әдістерін қолдану арқылы инсультті қал­пына кел­тіруге көмектесетін цифрлық терапия жүйесі «Flection.AI» стартапы. Платформаның негізін қалаушы, NU профессоры Александр Пактің айтуынша, платформа Астанадағы клиникалармен бірлестікте 200 пациентке сыналып, оң нәтиже берген. Команда үй жағдайында оңалту бойынша америкалық нарыққа шығуды көздеп отыр.

3-орын мен 8 млн теңгені «Granulo system» жобасы жеңді. Бұл – тау-кен өнер­­­кә­­сі­біндегі өндірістік үдерістерді жақ­­сар­­туға арналған кен фракциясын тал­­­дау­ жүйе­сі. Стартап конвейердегі кен мөл­­­­­­ше­­рінің орналасуын бақылауға кө­мек­­­­­­те­се­ді, бұл шар диірменінің, бұр­ғы­лау-жару жұ­мыстарын бақылауды жақ­сар­­­тады.

5 млн теңгелік көрермен көзайымы сыйлығын «Hemo lab» медтех-стартапы олжалады. Бұл – дәл диагноз қою уақытын 10 есе қысқартып, 95% дәлдікпен ауруларды ерте диагностикалауға арналған SaaS-платформасы.

Сонымен қатар барлық стартап иелері тәлімгерлік бағдарламаларына қатысу және индустриялық серіктестермен ын­ты­мақтастық орнату мүмкіндіктеріне де ие болды. Бұл оларға өз жобаларын­ ке­ңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға кө­мек­­­теседі. Ұйымдастырушылардың ақ­па­­­­ра­тына сүйенсек, NU алдағы уақыт­та ел­і­міздің басқа университеттерін де қо­сып, байқауды кеңейтпек. Ұзақ­мер­зім­ді жос­­­пар­лардың ішінде стартаптарды қол­дау қорын құру мақсаты бар, ол тұ­рақ­ты не­гізде «Deeptech бәйге» өткізіп отыруға мүмкіндік береді.