Current Date: 22-03-2025

Азияның мықтылары белдеседі

25-30 наурыз аралығында Иорданияның астанасы – Амманда күрес түрлерінен Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл байрақты бәсекеге еліміздің балуандары да тыңғылықты даярланды. Бұған дейінгі сары құрлықтың басты додасында жерлестеріміз қалай өнер көрсетті? Бүгінгі мақаламызда грек-рим күресі шеберлерінің жүріп өткен жолына бір көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік.

Грек-рим күресінен еліміздің құрамасына 1995, 1996, 2003, 2004, 2006 жылдар аса табыс­ты болды. Ұлттық команданың тізгінін даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов ұстаған тұста Азия чемпионаттарында төрт алтыннан олжалап, төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырдық. 1995 жылы Манилада Руслан Жұмабеков (74 кг), Бақтияр Байсейітов (82 кг), Дәулет Тұрлыханов (90 кг), Сергей Матвиенко (100 кг) сынды саңлақтар бас жүлдені олжалады. Осы жарыста жерлестеріміз ұзақ жыл бойы Азияда үстем­дік құр­ған Оңтүстік Корея­ны­ тұғырдан тай­дырып, жалпы­ко­ман­далық есепте көш бастады. Таяуда ғана Тәуел­сіздік алған оғ­лан­­дардан ондай­ды күт­пеген сол кездегі корей­ құ­ра­ма­сының бас бапкері, кезін­­дегі Тұрлыхановтың сыралғы қар­­сы­ласы Ким Ен Намның таң­да­ны­­сын жасыра алмай, шара­сыз­дық­тан бас шайқағанын да көзі­міз көрді.

1996 жылы Сяошаньде дәл сол көрсеткішті қайталадық. Қытай елінде тағы төрт апайтөсіміз қар­сыластарының барлығын сыпыра ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ондай бақ Юрий Мельниченко (57 кг), Дәулет Тұрлыханов (82 кг), Сергей Матвиенко (90 кг), Сергей Федоренкоға (100 кг) бұйырды.

ХХІ ғасырдың алғашқы жылдары да табысқа толы болды. Мәселен, 2003 жылы Нью-Делиде Әсет Иманбаев (55 кг), Абдолла Жабырайылов (84 кг), Георгий Цурцумия (120 кг) бас жүлдені қанжығасына байлады.­ 2004 жылы Алматыда есімдері жоғарыда аталған белді балуандар дәл сол нәтижелерін айна-қатесіз қайталады. 2006 жылғы Азия чемпионаты қайта Алатау баурайында өтті. Бұл жолы Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг), Марғұлан Әсембеков (96 кг), Георгий Цурцумия (120 кг) теңдессіз деп танылды. Сон­дай-ақ сегіз жарыста (1997, 1999, 2005, 2014, 2018, 2021, 2022, 2023 жылдары) екі алтынды, 11 додада (1993, 2000, 2009, 2011, 2012, 2013, 2015, 2016, 2017, 2020, 2024) бір алтынды иелендік. Бес байрақты бәсекеде (2001, 2007, 2008, 2010, 2019) отандастарымызға бас жүлде бұйырмады.

Күрес түрлерінде жалпы есептің қорытындысы шыға­рылған кезде медальдардың саны емес, әр ко­ман­даның жиған жалпы ұпайы есепке алынады. Осы орайда еліміздің құрамасы өздері қатысқан 29 Азия чемпионатының жетеуінің (1995, 2003, 2004, 2006, 2014, 2018, 2022) командалық сайысында жеке-дара көш бастады. Оңтүстік Кореяның да (1993, 1996, 1997, 2000, 2005, 2010, 2013) көрсеткіші дәл сондай. Десек те 1983–1992 жылдар аралығында құрлықтық дода тағы бес рет ұйымдастырылғанын ескерген жөн. Соның үшеуінде (1989, 1991, 1992) корейлердің қарқынына ешкім шыдамады. Сол кезеңде Иран (1983) мен Жапонияның да (1987) бағы жанды. Еліміз КСРО-ның құрамында болды.

Жаңа ғасыр табалдырықтан атта­ған тұста Иранның «клас­сиктері» қар­қынын күрт күшейтті. Парсы елінің 14 мәрте (2001, 2007, 2008, 2009, 2011, 2012, 2015, 2016, 2017, 2019, 2020, 2021, 2023, 2024) мерейі үстем болды. Сөйтіп, олар қазақтардан да, корейлерден де озды. Тағы бір жарыста Өзбекстанның (1999) асығы алшысынан түсті. Жал­пы есепте тек осы төрт елдің өрен­дері ғана топ жарды.

1993–2024 жылдар аралығында Иранның – 58, Оңтүстік Кореяның – 56, Қазақстанның – 44, Қырғыз­стан­ның – 23, Өзбекстанның –19, Жапо­нияның – 16, Қытайдың – 11, Солтүстік Кореяның – 3, Үндіс­тан мен Сирия­ның – 2 грек-рим күресі шебері Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Сары құрлықтың басты додасында да­ра­ла­нуға небәрі 10 мемлекеттің мар­қасқаларының ғана күш-жігерлері жетті. Басқалары күміс пен қоланы қанағат тұтты.

Осы спорт түрін серік еткен қазақ елінің 44 өрені Азия чемпио­ны атанғанын жоғарыда айттық. Солардың арасынан Сергей Матвиен­ко (1993, 1995, 1996, 1999) мен Геор­гий Цурцумияны (2003, 2004, 2005, 2006) бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ. Олар төрт реттен топ жарды. Дәулет Тұрлыханов (1995, 1996), Бақ­тияр Байсейітов (1995, 2000), Юрий Мельниченко (1996, 1997), Мхитар Манукян (1997, 1999), Әсет Иманбаев (2003, 2004), Абдолла Жабырайылов (2003, 2004), Марғұлан Әсембеков (2005, 2006), Алмат Кебісбаев (2011, 2018), Нұрмахан Тінәлиевтің (2013, 2015) екі мәрте мерейі үстем болды. Сондай-ақ Руслан Жұмабеков (1995), Анатолий Федоренко (1996), Нұрбақыт Теңізбаев (2006), Дархан Баяхметов (2009), Ербол Қоңыратов (2012), Нұрсұлтан Тұрсынов (2014), Ерұлан Ысқақов (2014), Досжан Қартықов (2016), Мақсат Ережепов (2017), Асхат Ділмұхамедов (2018), Темірлан Шадукаев (2020), Айдос Сұлтанғали (2021), Сұлтан Әсетұлы (2021), Мейіржан Шермахамбет (2022), Әлімхан Сыздықов (2022), Ибрагим Магомадов (2023), Диас Қален (2023), Ержет Жарылқасын (2024) сынды жампоздар сары құрлықта алдына жан салмады.

Кейінгі Азия чемпионаты былтыр Бішкекте өтті. Бұл жарыста Иран құрамасына тең келер команда табылмады. Парсы елінің пехлевандары 4 алтын, 3 күміс, 2 қоланы олжалады. Екінші, үшінші орындарды Жапония (3+2+2) мен Қырғызстан (1+2+3) иеленді. Еліміз (1+2+1) төртін­ші сатыға тұрақтады. Балуандары­мыз арасынан Ержет Жарылқасын (63 кг) жеңімпаз атанды. Шешуші тұста ол жапониялық Аята Сузукиге сан соқтырды. Нұр­сұлтан Тұрсынов (87 кг) пен Юсуф Мациев (97 кг) финалда сүрінді. Екеуі де Иранның балуандарына есе жіберді. Ибрагим Магомадов (77 кг) қола медальды еншіледі.

Грек-рим күресінен 2024 жылғы Азия чемпиондары: 55 кг – Ро Ючол (Оңтүстік Корея), 60 кг – Жолман Шаршенбеков (Қырғызстан), 63 кг – Ержет Жарылқасын (Қазақстан), 67 кг – Саид Эсмаили (Иран), 72 кг – Синго Харада (Жапония), 77 кг – Нао Кусака (Жапония), 82 кг – Тайзо Йошида (Жапония), 87 кг – Насер Әлизаде (Иран), 97 кг – Мұхаммедхади Сарави (Иран), 130 кг – Әмин Мырзазаде (Иран).