Қазақтың құрақ көрпесі АҚШ-қа қалай жетті? Африка, Үндістан мен Түркия төрінен оюлы жастықтар қалай орын алды? Бұл сұрақтың жауабын Түркістан облысының кәсіпкері Ұлболсын Өскенбайқызынан сұрадық.
Ол бала күнінен құрақ құрауды әжесінен үйреніп, ұлттық өнерді кәсіпке айналдырды. Бүгінде оның қолынан шыққан бұйымдар елімізден тыс, шетелге де кеңінен таралған.
– Құрақ көрпе – жай ғана төсеніш емес, бұл – өмір философиясы. Әжем маған әр түстің, әр өрнектің өзіндік мән-мағынасы бар екенін үйретті. Ал мен сол өнерді заманға сай жаңартып, бизнеске айналдырдым, – дейді Ұлболсын.
2019 жылы мемлекеттік грант ұтып, кәсібін бастаған. Басында тек туған-туысқа тігіп жүрсе, уақыт өте келе ұлттық бұйымдарға сұраныстың жоғары екенін байқап, бұл істі кеңейтуді қолға алған. Қазір оның ұлттық нақыштағы көрпелері, жастықтары мен төсеніштері еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес, шетелдерге де жөнелтіліп жатыр. Америкаға жіберілген алғашқы тапсырысы қазақ диаспорасының сұранысынан басталыпты. Кейін ұлттық нақыштағы көрпелерді шетелдік дизайнерлер де бағалап, этностық стильдегі интерьер үшін сатып ала бастаған. Түркияда – қонақүйлер, Үндістанда – йога орталықтары, Африкада – ұлттық стильдегі үйлер қазақтың құрақ көрпелерімен көмкерілген.
– Қазіргі тренд – табиғилық пен бірегейлік. Қолдан жасалған, сапалы әрі ерекше бұйымдарға сұраныс жоғары. Мен өз жұмысымда тек табиғи материалдарды қолданамын. Көрпелердің ішкі қабаты таза мақтадан жасалады, ал сыртына барқыт, велюр сияқты сапалы маталар таңдаймын. Бұл өнімдердің ұзақ уақыт қызмет етуіне және денсаулыққа пайдалы болуына кепілдік береді. Ұлттық өнер – тек мәдени мұра ғана емес, экономиканың да бір бөлігі. Бұрын құрақ құрау – әжелердің ермегі деп қаралса, қазір бұл үлкен нарыққа шыққан өнер. Біз өз мұрамызды дәріптеп қана қоймай, одан табыс та таба аламыз. Ең бастысы – сапа мен ерекшелік, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде ол ұлттық өнердің аманатын арқалаған кәсіпкер. Жергілікті әйелдерді жұмыспен қамтып, шеберлік сабақтарын өткізіп, құрақ құраудың қыр-сырын жастарға үйретіп жүр. Оның айтуынша, ұлттық өнерге сұраныс ешқашан азаймайды, өйткені бұл – халықтың жаны, тарихы мен мәдениеті. Құрақ көрпе – тек қазақтың ғана емес, әлемдік сән индустриясының да бір бөлігіне айналып келеді. Құрақ көрпелердің бағасы 22-30 мың теңге аралығында болса, кестелі, күрделі жұмыстары 500 мың теңгеден басталады. Өндірістік шығындарды есептегенде, бір көрпенің өзіндік құнынан сатылым бағасы екі-үш есе жоғары. Яғни маржа өте тиімді. Экспорттық нарықта этностық стильдегі бұйымдарға сұраныс артып келе жатқанын ескерсек, бұл кәсіптің әлеуеті одан да жоғары.