Әз-Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы биыл да жалғасты. Наурызнама онкүндігі аясында түрлі дүбірлі думан, шаттықты шаралар түндігін түрді. Қайта жаңғырған бастама былтыр Президент пәрменімен қолға алынған.
Қазақ елі қатарынан екі жыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы тойлайды. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Көрісу күнінен басталған мереке Тазалық күнімен түйінделеді. Онкүндіктің әр күні байырғы қазақтың мәдениеті мен байлығын, алуан түрлілігін дәріптейтін белгілі бір құндылықтарға арналады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып барынша паш етіледі.
Айнұр Әбдірасылқызы, ғалым:
- Жартастардағы жазуларға қарасақ, соларда көбіне көп наурыздың бейнесі күннің шығып келе жатқан бейнесі секілді көрінеді, екі жағынан мүйізі көрініп тұрады. Мүйізімен күнді көтеріп тұрған секілді. Бұның мәнісі неде дегенге келсек, бұл астрономия. Бұл кезеңде үркер жұлдызы дәл осы наурызға ұласар шақта құт ақпан делінетін. Ақпан айының қамал наурызға ұласар шағында үркер жұлдызы төменнен көрінетін.
Наурызды жаңа форматта тойлау ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге мүмкіндік берері анық. Қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері дәстүріміздің жаңғырып, мейрамның жаңаша сипат алғанын жоғары бағалады. Халық та бастаманы оң қабылдады. Жаңғырған сипаттағы думан достық пен келісімді нығайтудың, ұлтты ұйыстырған берекенің тетігіне айнала түсері сөзсіз. Мұны Президент те Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміздің Ұлыстың ұлы күнін Амал мерекесінен бастап атап өтетін болды. Әр күнге атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе Наурызнамадағы Ұлттық киім күні қоғамның зор қолдауына ие болды.
Тұжырымдамамен бірге мерекенің жаңа логотипі бекітілді. «Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Биыл Наурызнама онкүндігі аясында еліміз бойынша халықтың дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.