Наурызнама онкүндігін түйіндеген «Тазару күні» бастамасын Аманат партиясының мүшелері
де қолдап, қалалар мен ауылдарда экологиялық акциялар ұйымдастырды. Мәселен, Шымкентте жастар Абай саябағы мен "Даңқ мемориалы" аумағында сенбілік өткізсе, Көкшетауда орталық алаңдар тазартылды. Оралда волонтёрлер Орталық базар маңынан 40 қап қоқыс жинады. Ал Талдықорғанда 1000-нан астам адам ағаш әктеу, арықтарды тазарту, құстарға үйшік орнату секілді жұмыстарға атсалысты. Айта кету керек, бұл шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында өтті. Былтырдан бері игі бастамаға 70 мыңға жуық адам қатысып, ел аумағында 120 мың тонна қоқыс жиналған. Белсенділер өзен-көлдерді тазалап, ластанған аумақтарды бақылауға алды.
Дауыл Бейсенқұлов, "Amanat" партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:
- Бүгін Наурызнаманы атап өту шеңберінде Тазару күні мерекеленіп жатыр. Мұндағы мақсат айналамызды, қоршаған ортамызды тазалықта сақтау. Бүгін отбасымызбен бірге өзіміздің үйінің айналасын тазалап, ағаш отырғызып, гүлдерді отырғызып, келешек ұрпақты тазалық мәселелерін көңіл бөлуге өз үлесімізді қосып жатырмыз.