Дональд Трамп әкімшілігі дауға қалды.
Шенеуніктер «The Atlantic» журналының редакторын абайсызда құпия чатқа қосып қойған. Осылайша Джеффри Голдберг АҚШ-тың Йеменде хуситтерге қарсы әскери операциясы жайында алдын ала білген. Журнал редакторы бастапқыда «бұл қалжың» деп ойлаған. Бірақ чаттағы хабарламаларды оқығаннен кейін тура екі сағат өткен соң Құрама Штаттар Йеменді атқылай бастайды. Тілшіні құпия чатқа кім қосқаны белгісіз. Қазір Ұлттық қауіпсіздік кеңесі келеңсіз жайттың мән-жайын анықтауға кірісті. Ал Дональд Трамп Ақ үйде не болып жатқанынан бейхабар болып шықты. Америка президенті «The Atlantic» журналын мүлде оқымайтынын мәлімдеді. Пентагон басшысы да мәселені жылы жауып қоюды қалайтын секілді. Айтуынша, журнал редакторы қарулы операцияның жай-жапсарын білмейді. Өйткені құпия чатта әскери шабуылға қатысты ешқандай жоспар талқыланған жоқ, дейді.