Current Date: 30-03-2025

Словакияда аусыл ауруынан екі мыңнан аса малдың көзі жойылды

Словакияда аусыл ауруы тарап, елде төтенше жағдай жарияланды. Билік төрт түлікті, мал өнімін қыстаудан шығаруға, сондай-ақ жәрмеңке ұйымдастыруға тыйым салды. Бұдан бөлек, шаруаларға індет ошағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізуді тапсырды.

Қауіпті дерт елдің оңтүстігіндегі 4 ауылды аймақта тіркелді. Бір қорада тұрған 2 мыңнан аса малдың көзі жойылды. Ең қауіптісі, аусыл ауруы көрші жатқан Венгрияға да жеткен. Індет шекарадан 15 шақырым жердегі қыстаудан анықталған. Қазір өткізу бекеттерінде санитарлық талаптар күшейтілді. Словакия президенті Петер Пеллегрини індет эпидемияға ұласуынан қауіптенеді. «Бұл ет пен сүт тапшылығына әкеледі», – дейді. Словакияда кейінгі 50 жылда аусыл ауруы тіркелген жоқ.