Current Date: 30-03-2025

Шығын көлемі – 3 млрд теңге: Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясындағы қаржылық бұзушылықтар туралы мәлімдеме жасады

Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығы кезінде жасалған бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстан футбол федерациясы (бұдан әрі – федерация) мен бірнеше футбол клубтарына жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесінде басқарудағы тиімсіздік пен 3 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталған.

"Негізгі бұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар.

Атап айтқанда, федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген.

Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлемдер жасалған.

2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған.

Сонымен қатар 135 млн теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады.

Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ "Ордабасы", "Ақтөбе" және "Жетісу" футбол клубтарындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылық анықталған.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді.

Бас прокуратура спорт саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады", — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеген еді.