Current Date: 31-03-2025

Атырауда жол ережесін бұзғандар дронмен анықталды

Атырау облысында жол апаты жиілеген.

Ресми деректерге сүйенсек, былтыр 1600-ге жуық адам жарақат алып, 85 адам опат болған. Соңғы қайғылы жағдай Атырау-Доссор тас жолында тіркелді. Үш адам оқиға орнында көз жұмып, тағы екі жолаушы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, апаттардың басты себебі жүргізушілердің жол ережесін елемеуі мен жауапсыздық. Осыған байланысты енді облыста жол қозғалысын әуеден бақылау қолға алынды. Дрондар арқылы жүргізілетін бұл шара — көлік жүргізушілерінің тәртібін реттеп, апат санын азайту. «Жолаушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан заманауи әдістерді енгізуге мәжбүрміз», дейді құқық қорғау органдарының өкілдері.

Серік Орынбасаров, облыстық ПД патрульдік полициясы рота командирінің орынбасары:

- Бәрімізге мәлім, тас жолдарда орын алатын жол-көлік оқиғаларының көбі жүргізушілердің басып озу ережесін сақтамауы. Осыған орай аталған әкімшілік құқық бұзушылықты болдырмау, жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында тас жолдарда патрульдік полиция қызметкерлері дрон әуе камерасын пайдалануда.