Әлеуметтік желіде қара түсті пәренже киген төрт азаматтың бұрмаланған Қазақстан туымен түскен суреті тарады . Полиция бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атыраудағы мұз айдынында түсірілген сурет ел ішінде үлкен наразылық тудырды. Суретте Қазақстан туының жоғарғы бөлігіне Сауд Арабиясының мемлекеттік туындағы жазу таңбаланған. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны теріс діни бағыт өкілдерінің ел құндылығын қорлауы деп бағалап, тиісті жаза тағайындалуын сұрады.
«Бұл фотосуреттің таралуына байланысты мемлекеттік рәміздерді қорлау бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Фотосуретте бейнеленген төрт күдікті де анықталып, полицияға жеткізілді. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді», деді Атырау облыстық полиция департаменті.