Current Date: 31-03-2025

Жамбыл облысындағы жер сілкінісі: қандай ғимараттарға зақым келді?

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі болған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарына барып, бүлінген нысандарды аралады, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.

Жер сілкінісі туралы

28 наурызда түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.

Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны 5 балл болды. Бұл Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.

"Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылды. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Аудандардағы нысандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", — деп жазылған хабарламада.

Қандай ғимараттарға зақым келді?

Меркі аудандық орталық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі "Балдәурен" балабақшасының ғимараттарының және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үйдің асханасының қабырғасында жарықтар анықталған.

Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс ауылындағы 6 баспананың, ауылдық мектептің, Қарақыстақ ауылдық округінің Каменка ауылындағы Мәдениет үйінің қабырғаларында жарықтар пайда болған.

"Арнайы комиссия келген шығынды анықтайды. Аудандардағы нысандарды мамандар аралап, ахуалды көзбен көрді. Меркі ауданында айналма жолдарға 55 адам, 33 техника, Т.Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 техника жұмылдырылды", — деп жазылған хабарламада.

gov.kz

Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы республикалық маңызы бар жолдар тексеріліп жатыр. 45 елді мекен тексерілген.

Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйымдастырылған. Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай су қоймалары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, 8(7262) 513 575 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылған.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жер сілкінген сәт видеоға түсіп қалғаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!