Current Date: 31-03-2025

Үкіметаралық комиссия Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен болған залалды бағалайды

Жамбыл өңірінде жағдай тұрақты. Жер сілкінісінен кейін Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды 24kz.

Қазір үкіметаралық комиссия мүшелері жағдайды бақылып, шығын көлемін анықтап жатыр. Халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Аймақ басшысының тапсырмасымен облыста штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.

Әлішер Әли, тілші:

- Жамбылдағы жер сілкінісінен 28 нысанға зақым келген. Табиғи апат салдарынан Меркі аудандық орталық ауруханасының, мектеп және мәдениет үйінің, бірнеше медициналық пункт пен тұрғын үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болды. Сондай-ақ аудандағы «Балдаурен» балабақшасы жабылды.

Эльмира Кәкібаева, балабақша меңгерушісі:

- Иә, бөбекжай ғимаратының қабырғалары қақырап, сылақтары сыпырылып түскен. Енді 200-ден аса бала сәуір айының ортасына дейін балабақшаға бармайды. Ал аудандық білім бөлімі бүлдіршіндерді басқа мекемелерге бөлу жұмысына кірісіп кетті. Жер сілкінісі Тараз қаласының тұрғындарына да сезілген. Аймақ басшысының тапсырмасымен облыста жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.

Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Алматы қаласынан арнайы келген Ұлттық сейсмикалық орталықтың мамандарының қатысуымен және тиісті мамандардан құралған комиссияның қатысуымен талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол жарықтардың неден пайда болғанын, қашан пайда болғанына қатысты тиісті қорытындылар беріледі және ол нысандардың әрі қарай жұмысқа пайдалануға қатысты шешімдер шығарылады. Талдау жұмыстары жалғасып жатыр. Меркі ауданы бойынша 55 адамнан құралған топ арнайы қызметтерден және Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша 65 адамнан құралатын топ жұмысты жалғастырып жатыр.

Жамбыл облысындағы жағдай Үкіметтің жіті бақылауында. Өңірге Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған арнайы топ келді. Олар жағдайды талдап, жедел шаралар қабылдап, келтірілген шығынды анықтайды. Айта кетейік, мұндай жер сілкінісі соңғы рет Тұрар Рұсқылов ауданында 22 жыл бұрын, ал Меркіде 160 жыл бұрын болған.

Авторлары: Әлішер Әли, Анастассия Сүлейменова