Current Date: 31-03-2025

Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев қос тараптың мүддесіндегі маңызды мәселелерді талқылады

Бауырлас мемлекеттер басшылары бейресми бас қосты.

Бүгін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Алматыға жұмыс сапарымен келді. Құрметті қонақ, алдымен, қаланың туристік орталығымен танысып, кейін келіссөз үстеліне жайғасты.

Бейресми кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді", — деді. Өңірдің қос тірегі стратегиялық серіктестікке серпіліс беруге ниет танытып отыр.

Қазақ пен өзбек ежелден еншілес, картада көршілес халық. Бағзыдан бабамыз бауырласып, тарихымыз терең тамырласып келеді. Ғасырларға ұласқан ағайындыққа алауыздық, достыққа дау түспеді. Енді Орталық Азияның қос тірегі – діл мен тіл бекем еткен осы бірлікті іскерлік бағытта жалғастыруға ниетті. Сол үшін Шавкат Мирзиёев Алматыға арнайы келді. Мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев жылы раймен қарсы алды.

Президенттер қаланың туристік әлеуетімен танысты

Алматы – Алатаудың асқаралы шыңдарымен мақтанады. Көздің жауын алатын тұмса табиғаттан туристер мен альпинистер аяғы үзілген емес. Президенттер де, алдымен, қаланың туристік әлеуетімен танысты. Былтыр Шымбұлаққа 1,4 миллион адам келген. Мұнда қазір 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал шаңғы тебуге арналған трассаның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Бұған қос Президент жоғары бағасын берді. Олардың пікірінше, әсем табиғат аясында орналасқан тау шаңғысы курорты – Орталық Азиядағы қысқы және жазғы демалысқа лайық ең тартымды орындардың бірі. Ал негізгі туристік орталық – Медеу. Президенттер спорт кешеніне де аялдады.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- 1972 жылдан 1991 жылға дейін мұз айдынында 247 әлемдік рекорд орнатылды. Бұл да өзіндік рекордтық көрсеткіш. Әлемдегі кез келген мұз айдыны барлық қашықтық бойынша мұндай жетістікпен мақтана алмайды. Оның құпиясы — таза тау суынан жасалған мінсіз мұз бен аэродинамикалық кедергіні азайтатын құрылғыда жатыр. Бұл спортшыларға максималды жылдамдық көрсетуге мүмкіндік берді. Қазір ол туристерді тартатын негізгі орталық саналады.

Иә, Медеу спортшыларды ғана емес, туристерді де тартатын магнит іспетті. Бір маусымда 460 мың саяхатшы келген. Қазір «Медеуді» әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін даму жобасы әзірленді. Қос елдің басшыларына кешеннің келешегі мен өткені жан-жақты баяндалды. Сондай-ақ, алматылық спортшы Евгений Кошкинмен әңгімелесті. Ол биыл Әлем кубогінің соңғы екі кезеңінде жеңімпаз атанып, Азия ойындарында жүлделі орыннан көрінген болатын. Жуырда өткен Қазақстан спартакиадасында спортшы 100 метр қашықтықта бейресми әлем рекордын жаңартты. Бұдан кейін мәнерлеп сырғанау шеберлерінің өнерін тамашалады.

Бейресми басқосу

- Сапардың негізгі мақсаты – екі Президент арасындағы бейресми кездесу. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдіріп, мұндай кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ең алдымен, Алматыға қош келдіңіз деп айтқым келеді. Сіздің сапарыңыз бейресми болса да оның мағынасы өте жоғары. Сондықтан бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа үлкен серпін береді деп мен ойлаймын.

Мемлекет басшысы бұл кездесуге бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты іскерлік сипатта тағы бір талқылайтын орайлы сәт деген баға берді. Тіпті екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер ететініне тоқталды. Бұл пікірді сарапшылар да қуаттайды. Олардың айтуынша, қос тарап байланыстың бар әлеуетін әлі толық көрмеді.

Қайрат Беков, сарапшы:

- Перспективалар өте көп. Себебі Қазақстан да, Өзбекстан да осы аумақтағы экономикасы ең дамыған мемлекеттердің қатарына жатады. Әрине ең бастысы сауда-экономикалық қатынастарды нығайту әрі қарай дамыту. Себебі Қазақстанның, Өзбекстанның экономикалық ынтымақтастығы мен әлеуетін алып қарайтын болсақ, ол өзінің заңды деңгейіне әлі жеткен жоқ. Сондықтан осы бағытта жұмысты жалғастыру керек.

Бейресми басқосуда саясат, сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика және су шаруашылығы сынды маңызды бағыттар талқыланды. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Әдеттегідей Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін қарастырды. Бастысы, қос тарап та стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан президенті:

- Соңғы жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Бүгінгі кездесуіміздің сипаты ресми болмаса да, мен үлкен құраммен келдім. Дегенмен, әрбір осындай бейресми жүздесу біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді.

Иә, кездесу кеңейтілген құрамда өтті. Тараптар екі жақтың да мүддесін қорғайтын маңызды мәселелерді жан-жақты талқылады. Саясатта мұндай жүздесулердің мәні терең. Президенттердің бейресми басқосуы – мемлекеттер арасындағы мәмілені ғана емес, басшылардың өзара түсінігін де көрсетеді. Сол үшін сарапшылар алда ауқымды екі жақты бастамаларды күтуге болады деп топшылап отыр.

Бекзат Аманов, Бақытбек Нұртаев