Наурызда Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі орташа есеппен 53 385 теңгеге дейін көтерілді , деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жан басына шаққандағы аймақтық ең төменгі күнкөріс деңгейі (ТКД) жағдайы орташа Қазақстан азаматына минималды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет ақша көлемін көрсетеді. Көрсеткіш азық-түлік тауарларының белгілі бір топтамасының бағасы бойынша ай сайын есептеледі.
2025 жылдың наурыз айында Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша ТКД 53 385 теңгені құрады. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 1,5%-ға, 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары.
Есептеулер бойынша бұл соманың 55 пайызы, яғни шамамен 29 362 теңге бір айға қажет азық-түлік алу үшін жетуге тиіс. Бұл сандар орташа жағдайдағы қазақстандықтың денсаулығын сақтау үшін қажет әрбір өнімнің нақты граммына негізделген. Қалған 45 пайызы, яғни 24 023 теңгесі азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерді төлеуге кетеді деп есептеліп отыр.
Өмір сүру құны ең қымбат өңірлер қайда
Наурызда ТКД-нің ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау облысында тіркелді – 62 446 теңге. Алматы облысы екінші орында – 57 496 теңге, Астана үшінші орында – 56 498 теңге.
Алматыда ТКД 55 200 теңге, ал Шымкентте 52 693 теңге. Ал ТКД-нің ең төменгі көрсеткіші Қызылорда облысында болып отыр – 47 772 теңге.
Бір қызығы, ТКД деңгейі тек аймақ бойынша ғана емес, әйелдер мен ерлерге, сондай-ақ әрбір жас тобына бөлек есептеледі.
Мәселен, 18 жастан асқан ер адамдар үшін орташа көрсеткіш – 63 512 теңге, әйелдердікі – 50 437 теңге.
Сонымен қатар, 13 жасқа дейінгі балалар үшін ТКД 42 795 теңге, қарттар мен зейнеткерлер үшін 49 915 теңге. Бозбалаларға – 67 376 теңге, бойжеткендерге – 51 629 теңге.