1 сәуір — Күлкі күні. Massaget.kz тілшісі бұл күнді тойлау қайдан, қашан басталғанына және осы атаулы күнге байланысты қандай қызық деректер барына шолу жасады.
Әлем елдерінде 1 сәуір — Күлкі күні ретінде атап өтілетіні белгілі. Кейбір мемлекеттерде ол "Ақымақтар күні", яғни April Fools’ Day деген атауға ие. Бұл ресми мереке болмаса да, қашан да көңілді өтеді. Жақын адамдар арасында әзілдеп, кейде қызық сыйлықтар беру бұл күннің басты ерекшелігі саналады. 1 сәуірде адамдарда түрлі эмоция байқалады: біреуі сеніп қалады, біреуі әзілдегенді ұнатады, ал кейбіреулер мұндайдан алыс жүруге тырысады. Соған сәйкес "1 сәуірде ешкімге сенбе" деген сөз бар.
Қашан, қай елде басталды?
Бұл мерекенің бастауы ежелгі Риммен байланысты деген ақпарат бар. Рим деректері бойынша ол Күлкі құдайының құрметіне арналған. Римде ақпанның ортасында ақымақтар мерекесі ретінде атап өтілген. Ал тағы бір деректерде Үндістанмен де байланыстырылады. Онда 31 наурыз әзіл мерекесі ретінде тойланған.
Еуропада 1 cәуір туралы деректер XVI ғасырда пайда бола бастады. Францияда 1564 жыл IX Чарльз патша жаңа жылды 1 сәуірден 1 қаңтарға ауыстыру туралы жарлық шығарған. Кейбіреулер оны ескермей, жаңа жылды 1 сәуірде тойлауды жалғастыра берген. Сөйтіп ерекше сыйлықтар беріп, әзіл айтқан. Оған басқалары күліп, мазақ еткен. Осылайша "сәуір ақымақтары" (April’s Fools) деп аталған. "Күлкі күні" осылай басталған деген де деректер бар.
Күлкі күнінің шығуы туралы тағы бір кең тараған нұсқа — 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген Григориан күнтізбесіне ауысу. Күлкі мерекесі көптеген елде көктемгі күн мен түннің теңесуін тойлауға байланысты болған. XVIII ғасырда бұл мереке танымал бола бастады. Ағылшындар, шотландтар және француздар оны америкалық колонияларда таратқан.
1 сәуір Италияда, АҚШ-та "ақымақтар күні", Жапонияда "қуыршақтар күні" деп аталады.
Ашық дереккөз мәліметінше, 1 сәуірді тойлау Францияда, Ұлыбритания, Мексика, Швеция секілді елдерден бастау алуы мүмкін.
Танымал әзілдер
Әлемдік БАҚ-та танымал әзілдер туралы ақпараттар жиі кездеседі. Кейбіреулеріне шолу жасап көрейік:
- Планеталар шеруі
1976 жылы 1 сәуірде ұлыбританиялық астроном Патрик Мур BBC радиостанциясының таңғы эфирінде 9:47-де ерекше астрономиялық құбылыс болатынын айтқан. Бұл Жердің ауырлық күші өзгерісіне әкелетінін жеткізген. Патрик Мур радио тыңдаушыларға белгіленген уақытта секірсе, ұшқандай әсер алатынын айтқан. Сағат 9:48-де эфирге ұлыбританиялықтардан жүздеген қоңырау түскен.
- Жаңа Пи саны
1998 жылы 1 сәуірде New Mexicans for Science and Reason ұйымының ғалымдары Алабама штатының заң шығарушылары Pi санының мәнін 3,14159-дан 3-ке өзгерту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген. Көп ұзамай бұл жаңалық ғаламторда тарап, сынға ұшыраған. Әзіл кең тарағаны сонша — халық шенеуніктермен байланысып, наразылық білдірген. Хабарласқандар саны күніне үш жүзге жеткен. Әзілдің авторы ғалым Марк Бослоу болып шыққан.
- Солақайларға арналады
1998 жылы танымал бургер компаниясы USA Today-де солақайларға арналған бургер сатылымға шыққаны туралы жарнама берген. Бірнеше күннен кейін компания бургер туралы жаңалық әзіл екенін жариялаған. Соған қарамастан мыңдаған адам мейрамханаларға келіп, солақайларға арналған бургерге тапсырыс берген. Сонымен қатар, оңқайлар "оң қолға арналған бургер" сұраған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!