Current Date: 10-06-2025

Биыл Қарағанды облысында 24 ауылдың жолы жөнделеді

Қарағанды облысында биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 24 елді мекенде жалпы ұзындығы 110 шақырым жол жөнделеді, деп хабарлайды 24KZ. Көшелерге жаңа асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да ретке келтірілмек. Алайда Шет ауданында жол мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Аудан орталығы Ақсу-Аюлы мен Ағадыр кентінің арасындағы тасжолды жыл сайын жамайды. Бірақ тұрғындардың айтуынша, жол жөнделді деген аты болмаса, ой-шұңқыры сол күйі қалады.

Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы мен Ағадыр кенті аралығындағы жолдың жалпы ұзындығы 90 шақырым. Бұған дейін 70 шақырымына асфальт төселген. Ал қалған ой-шұңқыры шыққан 20 шақырымы жылда жамалады. Бірақ көктемде қайта таз қалпына келеді. «Биыл да жамалып жатыр. Ақшаны бұлай желге шашқанша, неге бір рет сапалы жөндеп бермейді», – дейді тұрғындар.

Аудан әкімінің айтуынша, бұл 20 шақырым жол учаскесіне ағымдағы жөндеуге ғана қаражат бөлінген. Сол себепті биыл тағы жамалады.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

- Негізгі үлкен мәселе мынау аудан орталығы Ақсу-Аюлы мен Сәкен Сейфуллин ауылының аралығы болып отыр. Сондықтан қомақты қаражат соған қарай бағытталып отыр. Енді келесі жылы жаңағы ағымдағы жөндеуден кейін Ағадыр мен Ақсу-Аюлының орталығы жоспарға енеді.

Шет ауданында биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 ауылдың жолы жөнделеді. Оған 1 миллиард 108 миллион теңге бөлінген. Биыл Киікті ауылына баратын жолдың Мойынты өзені бойындағы өткелін су шайды. Өткел былтыр ғана жөнделген еді. Енді оны мердігер кепілдік мерзімі аясында өз ақшасына қайта қалыпқа келтіреді.

Жалпы Қарағанды облысында биыл 673 шақырым автомобиль жолы жөнделеді. Өңірдегі 24 ауылда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 110 шақырым асфальт төселеді. Бұған қоса Нұра, Шерубай-Нұра, Есіл өзендері бойындағы үш көпір қалыпқа келтірілмек.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит