"Ақорда" резиденциясында балаларға экскурсия ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген оқушылар Ақордада қонақ болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт сайыстарының жүлдегерлері, батыл әрекетімен көзге түскен балалар келді.
Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер де болды. Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, Мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ, резиденция аумағындағы бақты аралады.
Сонымен қатар, оқушыларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды. Өңірлерден келген балалар елорданың көрікті орындарын да аралайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!