Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қаласының Орталық саябағында «Bala Shym» өнер фестивалі өтті. Мерекелік шара аясында бүлдіршіндер сурет, қолөнер , би және вокал бағыттарында өз өнерлерін көрсетіп, саябақты ертегі әлеміне айналдырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Саябақта балаларға арналған ойын алаңдары, «Ертегілер елі» көрмесі, ұлттық және интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Мерекелік концерт көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, балалардың шығармашылығы мен жетістіктерін жоғары бағалады.
Балалар – біздің болашағымыздың кепілі. Мемлекетіміз бала шыр етіп дүниеге келгеннен ержетіп өскенге дейін бар жағдайын жасап отыр. «Келешек депозиті» сынды мемлекеттік бағдарламалар – балалардың өмірін жақсартуға, олардың білім мен шығармашылыққа құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі мерекелік шара да балалар үшін, – деді Сәрсен Абайұлы.
Сонымен қатар өнер фестивалінде спорттық жетістіктерімен көзге түскен оқушылар марапатталып, ақшалай сертификаттар табысталды.