Current Date: 16-06-2025

Арал маңында Орталық Азиядағы алғашқы геопарктің сапар орталығы ашылды

Арал теңізі маңында Орталық Азиядағы алғашқы геопарктің сапар орталығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жоба – туристерге геологиялық және этникалық бағыттармен саяхаттауға мүмкіндік береді. Жоба аясында Қамбаш көлі, Ақеспе жерасты суы мен Барсакелмес қорығы секілді тарихи және геотуризм нысандарына баруға болады. Мамандар «GeoPark Aral»-ды ЮНЕСКО жаһандық геопарктер тізіміне енгізу үшін тиісті шаралар қолға алынғанын айтады.

Былтыр Арал теңізінің маңынан Орталық Азиядағы алғашқы туристік бағыт ашылған болатын. Енді осы геопарктің сапар орталығы жұмысын бастады. Бұл жоба арқылы туристер геологиялық, этникалық турларға шығып, тарихи орындармен таныса алады. Ақеспе жерасты суы, Қамбаш көлі мен Барсакелмес қорығын да көруге мүмкіндігі бар.

Виктор Наврезов, туроператор:

- Геопарк – туризмдегі жаңа тренд. Сондықтан туристер Орталық Азияға немесе Қазақстанға баруды жоспарлағанда, ең алдымен ұлттық немесе ЮНЕСКО-ның геопарктерінің бар-жоғына қарайды. Қазір Қазақстан осы бағыттағы алғашқы қадамды жасап отыр. Турист үшін геопарк инфрақұрылым, қауіпсіздік, арнайы әзірленген маршруттар бар дегенді білдіреді. Бұл –шетелдік туристерді тарту үшін маңызды.

Мамандардың айтуынша, «GeoPark Aral»-ды трансшекаралық бағыт ретінде дамыту жоспарланған. Ол үшін Өзбекстан тарапымен тиісті келісім жасалып жатыр.

Серікқали Мұқатаев, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілі:

- Бұл Арал бір, екі мемлекет болса да. Келген турист біз жақты да көргісі келеді, Өзбекстан жақты да көргісі келеді. Сол үшін трансұлттық бір геопарк болса ол жақсы. Геопаркте жасау оңай емес, бұл бірінші геопарк Қазақстанда да, Орталық Азияда біз бірінші қадам басып жүрміз. Мен ойлаймын, одан кейін заңдар қабылданады, сол геопаркті ашып, жолға қойдық.

Мамандар «GeoPark Aral»-ды ЮНЕСКО жаһандық геопарктерінің тізіміне де қосуға ниетті. Бұл бастама сәтті жүзеге асса, аймақтың туризм саласын дамытуға арналған ірі жобаларға қаржы тартуға мүмкіндік туады.

Саида Нигматова, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктері бойынша Қазақстан ұлттық комитетінің төрағасы:

- Бүгінгі таңда әлемнің 50 елінде 229 жаһандық ЮНЕСКО геопаркі құрылған. Қазақстан да табиғи және мәдени мұраны сақтау тұжырымдамасын іске асыруда белсенді қатысып отыр. Қазір Қазақстан геопарк құру бағытында белсенді қадамдар жасауда әрі жаһандық ЮНЕСКО геопарктер желісіне кіруді мақсат етеді. Бұл – жүзеге асырылып жатқан ауқымды халықаралық жоба. Бүгінгі іс-шара Халықаралық Аралды құтқару қорының үлкен қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

«Табиғи апаттың салдарын ғана айтумен шектелмей, оны танымдық, ғылыми, туристік тұрғыда пайдаға жаратуымыз керек», — дейді сарапшылар. Аралдағы геопаркке 24 туристік нысан енген. Оның басым бөлігі Арал теңізінің кеуіп қалған табанында орналасқан.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев