Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай әлеуметтік желілерде өзінің атынан тараған ақпаратқа байланысты ресми видеоүндеу жариялады. Оның сөзінше, белгісіз біреулер оның аты-жөнін, лауазымы мен фотосуретін пайдаланып, жалған мәлімет таратып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мен, Сәрсенбай Дана, Шерзат Болатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істің мемлекеттік айыптаушысымын. Осы мәлімдемем арқылы әлеуметтік желілерде менің атымды, қызметтік лауазымымды және фотосуретімді заңсыз пайдаланып отырған жалған аккаунттардың пайда болуына байланысты халыққа жүгінгім келеді.
Менің Instagram желісіндегі жалғыз ресми парақшам — @s.d.n__, ол тек туыстарыммен және жақындарыммен байланыс үшін ашылған. Бұл парақшада ешқандай кәсіби пікір, жарияланым немесе түсініктеме жарияланбайды. Басқа кез келген менің атымнан жүргізіліп жатқан парақшалар — жалған, — деді ол.
Ол фейк аккаунттарда жалған дәйексөздер, арандатушы пікірлер, «қылмыстық іс бойынша» сауалнамалар мен ұтыс ойындарына қатысуға шақыратын сілтемелер, сондай-ақ күмәнді блогерлерге жазылуға ұсыныстар жарияланып жатқанын айтты.
Сіздерден өтінемін: мұндай сілтемелерге өтпеңіздер, ұтыс ойындарына қатыспаңыздар, менің атымнан берілген «ұсыныстармен» аккаунттарға немесе блогерлерге жазылмаңыздар. Бұл — жеке деректеріңізді алу, адастыру немесе прокуратура органдарының беделін түсіру мақсатындағы алаяқтық әрекеттер болуы мүмкін, — деп ескертті Дана Сәрсенбай.
Сондай-ақ ол азаматтарды қырағылық танытып, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Шерзат Болат ісіне қатысты барлық сенімді ақпарат тек уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жарияланатынын еске салды.