Current Date: 09-06-2025

Дамыған елдерде қызметкерлер кеңседе ұйықтай алады

Әлемнің дамыған елдерінде қызметкерлер кеңседе ұйықтай алады. Өйткені бір сәт мызғып алу кәсіби қызметте де, жеке өмірде де жетістікке жетуге мүмкіндік береді деген ұстаным бар.

Иә, құрлықтың арғы жағындағы Америкаңыз бен Азиядағы Қытай, Жапонияңызда мекемеде мамандардың жайлы жұмыс істеуіне кез келген жағдай жасалған. Түскі астан бөлек, тынығуға жарты сағат үзіліс жасау бұл аймақтарда дәстүрге айналған.

Әдетте ғалымдар: «Көп ұйықтау зиян», – деп жатады. Өміріміздің үштен бірі ұйқымен өтеді деген дерек те бар. Ал алпауыт елдердің мұндай тәжірибені ұстануына не себеп?

Негізі ұйқы екі құрылымнан тұрады. Баяу және қысқа ұйқы. Баяу әдеттегі түнгі ұйқы. Ал қысқа ұйқы – әлгі айтып отырған елдер ұстанатын мызғып алу тәжірибесі. 10-20 минуттық қысқа ұйқының өзі адамның сергек, белсенді болуына мүмкіндік береді екен. Мұны ғалымдар дәлелдеп отыр.

Қытайда қызметкерлер кеңседе тыныға алады

Қытайдың еңбек мәдениетінде қызметкердің жай-күйі мен жұмыс өнімділігіне ерекше мән беріледі. Бұл елдегі ұзақ жұмыс күндері мен еңбек демалысының қысқа болуы қызметкерлерден үздіксіз зейін мен энергияны талап етеді. Сол себепті ел үкіметі мамандарға жұмыс арасында көз шырымын алуға рұқсат етеді. Бұл әдет «Сюси» дәстүрі деп аталады. Қытай мұны Жапония мен Оңтүстік Кореядан үйренген. Бірақ өз менталитеті мен технологиясына бейімдеп, оны тиімді инфрақұрылыммен ұштастыра алады. Мысалы, біраз мекемеде nap rooms, яғни қысқа мерзімді ұйқы бөлмесі, арнайы ұйықтайтын капсулалар, жиналмалы төсек-орындар мен ұйықтауға арналған эргономикалық креслолар ұсынылады. Бұл маманның миын тынықтырып, жұмысты жаңа күшпен істеуіне жағдай жасайды.

Хуан Чжили, Қытайдың ұйқы зерттеу қоғамының төрағасы:

- Ұйқы бұзылыстары мен жеткіліксіз ұйқының кесірінен денсаулығы сыр берген адамдардың қатары артып бара жатқанын байқадық. Бұл жағдай физикалық және психикалық саулыққа, сондай-ақ жұмыс тиімділігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан оны шұғыл түрде шешу қажет.

iiMedia Research келтірген дерекке сүйенсек, 2023 жылы ұйқының жеткіліксіздігінен зардап шеккен Қытай тұрғындарының саны 510 млн-ға жеткен. Бұл жалпы халықтың 38%-і. «Уақытылы әлі жеткілікті демалмаған адамның жұмысы да өнімсіз, тұрмыс сапасы да төмен болады», – дейді мамандар. Осыны ескерген ел үкіметі кеңселерде олардың ұйқысы дұрыс әрі жұмыс сапасы жоғары болуы үшін ыңғайлы әрі жайлы ұйықтауға арналған арнайы технологиялармен қамтамасыз етіп отыр. Мұндай тауар нарығы 2023 жылы 68 млрд АҚШ долларын қамтыды. Алдағы екі жылда көрсеткішті 25%-ке арттыруды жоспарлап отыр.

Бастауыш сынып оқушылары мектепте жарты сағат мызғып алады

Қытай демекші, бұл халық ересектен бастап еңбектеген баланың өзіне жақсы жағдай жасайды. Мысалы, бастауыш сыныптарда оқушылар ұйықтауға ыңғайлы парта және орындық жиынтығымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ әр сыныпта көзді қорғау жүйесі орнатылған. Бұл баланың көру қабілетін сақтап, көздің шаршауын азайтуға ықпал етеді. Мұндай тынығу уақыты шамамен 30 минут. Жергілікті білім министрлігі бұл бастаманы осыдан 4 жыл бұрын енгізе бастады. Қазір Қытайдың біраз аймағы осы жүйеге біртіндеп бейімделе бастаған.

Жұмыста ұйықтау – еңбекқорлықтың белгісі

Әлемдегі еңбекқор халық. Жапон елінде жұмыс уақытында бір сәт көз шырымын алу жұмыстан қуылуға себеп емес. Өйткені олар кеңседе міндетті түрде азғантай уақыт тынығып алады. Бұл қызметкердің жұмысына адалдығын аңғартады. Халық арасында осы тәжірибе "инемури» деп аталады. Тікелей аудармасы «орнында ұйықтау» дегенге саяды. Мәдениеттің бұл түрі Жапонияда бұрыннан бар. Жергілікті жұрт қоғамдық орында, кеңседе отырып та, тұрып та ұйықтай береді. Көп жағдайда бұл еңбекқорлық пен жауапкершіліктің белгісі ретінде қарастырылады. Себебі адам жұмыстан шаршап, тынығуға уақыт айыра біледі деген түсінік бар.

Күндізгі ең тиімді ұйқы ұзақтығы шамамен 25 минут. Бұл жұмыс өнімділігін 34, ал сергектікті 54%-ке арттырады. Сондай-ақ ағзаның циркадтық ритмін сақтап, энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

NASA халықаралық ұйымының зерттеуі

Италияда түскі тынығу мәдениеті бар

Италиялықтар да күндіз сәл мызғып алуды жөн санайды. «Рипосо» деп аталатын дәстүр бойынша италиялықтар күннің ыстық сағаттарында, әдетте түстен кейінгі уақытта қысқа уақыт тынығып, үзіліс жасайды. Кей өңірлерде түскі үзіліс бірнеше сағатқа дейін созылып, сауда орындары мен кеңселер уақытша жабылады. Кейінгі жылдары біраз жергілікті компания кеңседе жұмыс уақытында көз іліп алу тәжірибесін енгізуде. Қысқа ұйқы қызметкердің шаршауын жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға көмектеседі деп саналады.

Америкада мекеме ішінен бала күту қызметі ашылды

Ал АҚШ-тың Флорида штатында мекеме ішінен бала күту қызметі ашылған. Аналар бөбегін бақшаға емес, жұмысына таси алады. Қызметтің бұл түрі Капитолий ғимаратының ішінде қолданысқа берілді. Ол көп ананың жұмысы мен тұрмысын қатар алып жүруіне мүмкіндік береді. Ратгерс университеті келтірген дерекке сүйенсек, Флорида штатында заң шығарушылардың 33%-і әйелдер. Билік басында отырған қыз-келіншектердің көбеюі ана мен баланың қажеттілігін ескеретін саясатты қолдауға басымдық беріп отыр.

Фиона Макфарланд, Флорида штаты өкілдер палатасының мүшесі:

- Әрі ана, әрі палата спикері ретінде қос міндетімді қатар алып жүру мен үшін өте маңызды. Бөбегіме арнайы бөлме беріп, оған күтім жасау үшін алаңдамай отыру – мен сияқты әр ана үшін мансап жолында да көтерілуге жақсы қолдау. Мысалға, қазір жұмыста отырып, балама қалай қарап жатыр деп еш уайымдамаймын.