Түркістан облысында 3 жасар қызды әжетханаға тастап өлтіріп, артынша 5 жасар қызды өлтіруге оқталған жасөспірім қыз психиатриялық стационарға мәжбүрлі түрде емге жіберілді. Мұндай қаулыны облыстық сот шығарды.
Еске салайық, қайғылы оқиға өткен жылдың мамыр айында Сарыағаш ауданының Сіргелі ауылында болған. Із-түзсіз жоғалып кеткен 3 жасар бүлдіршіннің денесі көршісінің әжетханасынан табылды. Бір ай өтпей 5 жасар қыз да жоғалып кеткен. Оны жаппай іздеген ауылдастары дәл сол дәретханадан тапқан. Яғни 16 жастағы қыз оны шұңқырға тастап, өлтіруге әрекет жасап жатқан жерінен ұсталды. Тергеу барысында күдіктінің екі қылмысқа да қатысы бар екендігі анықталды. Оған айып тағылып, іс сотқа өткізілді. Алайда сот медициналық сараптама қорытындысы жасөспірімнің «Шизофрения» түріндегі созылмалы психикалық ауруға шалдыққанын анықтаған. Әрі қылмыс жасау кезінде оның психикалық ауру жағдайында болғаны расталған.
Заманбек Исмаилов, Түркістан облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы:
Қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындалды.
Айнұр Әбілқасымқызы