Current Date: 13-06-2025

Қайталанбас қайсар тұлға

Адам өмірінің түзуі де бар, бұралаңы да бар. 1986 жылдың нау­рыз айында менің өмірімде де бұралаңның басталған кезі еді. Сол сәтте елімізге белгілі мемлекет қайраткерінің өмірімнің түзу арнаға түсуіне септігі тиген еді.

1985 жылдың тамыз айында Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев зейнеткерлікке шыққаннан кейін, оның орнына Оңалбек Сәпиев келді. Бұл азаматты бұрыннан білетінмін. Сәлеміміз де дұрыс болатын. Қанша айтқанмен аудан басқару оңай емес. Оның үстіне бұған дейін аты республикаға мәлім болған Қазантаев, оның ар жағында Сұлтан Аманов, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов сынды қазақтың ардақты азаматтары басқарған ауданды игеріп кету де оңайға соқпайтыны белгілі. Сөйтіп, аяқ­асты ауыс-күйіс басталды да, аудандық партия комитеті ұйым­дастыру бөлімінің меңгеру­шілігінен басқа жаққа ауысуға тура келді.

Көп ұзамай мамандығым бо­йынша №15 кәсіптік техникалық училищеге барып, математикадан сабақ беріп, ұжымның ортақ мәселесін шешісуге араласып кеттім. Ұжымда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде бұрын қызметтес болған Темірхан Бекжанов, Сансызбай Досполов сияқты ауданға белгілі азаматтар еңбек етіп жүр екен. Көп ұзамай қатарымызға «қыз­метін ауыстыру» науқанына ұшы­рап, «Жаңадария» газетінің редакторлығынан босаған Зордан Салықбаев келіп қосылды.

о

Бұл ұжымда да үйренері бар азаматтармен кездестім. Олар­дың ішінде Болтай Тасыбаев ағамыздың орны бөлек еді. Бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін осы училищеге директор болып, мен барған кезде зейнеткерлікке шығып, «Қоғамтану» пәні­нен сабақ беріп жүрген екен. Ағамыз әлі қуатты, өткен өмірінен әңгіме бастаса бәріміз қоршап алып, ұйып тың­дай­тын­быз. Бір күні әңгіме барысында:

– Байқаймын, саған осы оқы­тушылық жұмыс ауқымы аздық жасайтын сияқты, демесі бар ма.

Ойланып қалдым. Ештеңе айта алмадым. Аздық жасап жүр­гені рас, дегенмен кім жұмыс бере қояды?

Содан бір сәтті күні Қызыл­ордаға барып, Қонекене, Қазан­таевқа сәлем бердім. Әңгіме арасында елге қызмет еткім келе­тіндігін тілге тиек еттім. Оның үстіне ол кезде ауданда бірінші хатшы оның туған күйеу баласы Биғали Қаюпов еді. Ойымды толық түсінген Қонекең:

– Айтып отырғаныңның бәрі жөн. Басшылар қандай жұмыс берсе де, оны істеу қолыңнан келеді. Менің ойым қалай болғанда да облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабыл­дауына жазыл, бар жағдайыңды жеткізіп айт, – деп ақыл берді.

Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков болатын. Содан облыстық партия ко­ми­тетіне барғанымда Еркін Нұр­жанұлының жақында Жал­ағаш ауданында сайлаушылармен кездесетінін білдім.

1989 жылғы қаңтар айының басында аудандық Мәдениет үйінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат Еркін Әуелбеков пен сайлаушылардың кездесуі болды. Мәдениет үйінің іші лық толы халық.

Президумда сол кездегі аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы Биғали Қаюпов және басқа азаматтар отырды. Жиналысты аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Балғабай Имашев жүргізді. Қолында қа­ғазы, алдын ала дайындаған адамдарына біртіндеп сөз беріп жатыр. Сөйлейтін нышан білдіріп, қолымды көтерсем, төраға иегінің астында отырған мені көрсе де көрмегенсіп, сөз берер түрі жоқ. Сірә, сөз берсем «бірдеңені» айтып бүлдірер деп қауіптенетін болуы керек. «Шешінген судан тайынбас» дегендей жиналыс тізгінін ұстағанның сөз бермейтіндігіне анық көзім жеткен соң, кезекші сөйлеушінің бірі трибунадан түсуге бет алғанда, мен де дереу орнымнан тұрып, мінберге көтерілдім.

Шынында да Еркін Нұр­жанұлы ерекше қабілетімен, адал еңбегімен елге танылған-ды. 25 жасында тыңдағы «Марьевский» кеңшарына дирек­тор, 34 жасында Солтүстік Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитетінің төр­ағасы, 35 жасында Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі, 37 жасында Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етіп, 43 жасында Социалистік Еңбек ері атанған. Ердің жасы елуге дейін елдік істі атқарып, халықтың көңілінен шыға білген басшы.

Қызылорда облысына бі­рінші басшы болып келген соң өңірдің экономикасы мен мәдениетін көтеру, ол үшін өнер­кәсіпті өркендету мен ауыл шаруашылығын дамытуға күш-жігерін жұмсады. Атап айтатын болсақ: Арал теңізінің тартылуы адамзат баласына зиян екенін айтып, бұл мәселені көтерудің баста­машысы болды. Облысты үшінші санат­тан екінші санатқа көтеріп, Арал өңірін апат аймағы етіп жариялауды заңдас­тырып, облыс еңбекшілерінің еңбек ақысына 30–50 пайызы аралығында өтем­ақы алуына қол жеткізді. Мұның сеп­­тігі көр­шілес Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қа­зақ­стан облы­сы­ның кейбір аудандарына да тиді.

Еркін Әуелбековтің алғыр­лығы, табандылығы арқасында «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдария өзеніне өнеркәсіптің лас суын ағызу тоқтатылды. Сонымен қатар «Құмкөл» мұнай кеніші облыс басшысының қайраткерлігі арқылы іске асқанын облыс халқы жақсы біледі.

Қызылордалықтар Еркін Нұржан­ұлы­ның іскерлігін әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Әуелбеков облысты басқарған тұста алғаш рет қиыршақ тас өндіру жұмысы қолға алынып, қарқынды дамыды. «Рисмаш» зауыты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты, «Ісмер» тігін фабрикасы іске қосылды. Сондай-ақ Қызылорда–Москва әуе рейсі және Қызылорда–Шевченко әуе рейсін ашу облыс халқы үшін жақсы жаналық болды. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, мен де іскер басшының атқарған шаруасын халыққа жеткізуді мақұл көрдім.

Осы төңіректегі ойымды түйіндей келе, 26 наурыз күні өтетін КСРО Жоғары кеңесіне №144 сайлау округі бойынша депутаттыққа сайланатын кан­дидат Еркін Нұржанұлы Әуел­бековке бір кісідей дауыс беруге шақырамын дедім.

Халық сөйлеген сөзімді қалай қабыл­дады, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Әйтеуір ду қол ша­палақтағаны есімде.

Арада бір айға жетпей, ақпан айының ішінде аудандық партия комитетінен «Түскі екіде келіңіз, сізді Еркін Нұржанұлы Әуел­беков қабылдайды», деген хабар келді. Айтқан уақытында бардым. Мені Еркін Нұржанұлы кабинетінде Биға­ли Қаюпов және екінші хатшы Дари­ха­ Ақ­ма­ғанбетованың қатысуымен қа­был­дады.

Хатшыға ойымды ашық айта отырып: «Еркін Нұржанұлы, айыпқа бұйырмаңыз, мына отыр­­ған Биғали Қаюпов пен Да­ри­ха Ақмағанбетованың екеуі де аралдық, мен де негізінен Арал­­­­данмын, бұл екі басшы ма­ған жауапты қызмет бермейді, жерлесіне көмектесіп жатыр деген сөзден аулақ болғысы келеді», дедім. Менің өтінішімді тыңдап болған соң ол:

– Биғали Қаюпұлы, мына Айбо­сыновқа қандай жұмыс бер­сең де мен оны қолдаймын, – деді.

Шамасы менің қызметтен бейкүнә ығыстырылғаныма көзі жеткен болуы керек.

Қазақтың белгілі азаматы, мем­лекет және қоғам қайраткері Еркін Әуел­­бе­ковпен бірінші және соңғы рет кез­де­суім осылай басталып, осылай аяқталған еді.

Басшының бірауыз сөзі іске асып, 1989 жылы наурыз айында Жалағаш поселкелік кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Бұл қызметте 1998 жылға дейін болдым. Ойлап отырсам оңашада, содан бері отыз алты жыл өткені еске түседі. Зымырап бара жатқан тілсіз уақыт деген осы болар.

Академик Әлкей Марғұлан әңгімесін «білетін болғасын айтамыз ғой» дейді екен. Сол сияқты мен де жақсы адамнан көрген жақсылығымды бүгінгі ұрпаққа жет­кізуді парызым деп санадым. Еркін Нұр­­жанұлы өз ұлтының арыс­тандай ай­батты, айтулы қай­таланбас қайсар тұлғасы еді.

Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын абыроймен бас­қарған, Социалистік Еңбек ері атанған Еркін Нұржанұлы Әуел­беков ел мүддесін жолында адал еңбек еткен, кейінгі ұрпаққа өнеге бо­ларлық тұлға екендігі сөзсіз.

Шыңғыс Айбосынов,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері