Лос-Анджелесте енгізілген коменданттық сағат ереуілшілерге кедергі болмай тұр. Осы сәтке дейін шектеу талабын бұзған 200 адам қамауға алынды. Сондай-ақ шерушілер қаладағы ғимараттарға түрлі суреттер салып, шимайлап тастаған. Коммуналдық қызметкерлер жазу-сызуды өшіруге кірісті. Лос-Анджелес орталығындағы көптеген мемлекеттік және жекеменшік мекеме жабылды.
Карен Басс, Лос-Анджелес мэрі:
- Мен вандализм мен ұрлық-қарлықты тоқтату үшін Лос-Анджелес орталығында төтенше жағдай енгізіп, комендаттық сағат жарияладым. Көптеген кәсіпорын зардап шекті. Қаланың орталығындағы ғимараттарды шимайлап тастаған. Бірақ тәртіпсіздік бүкіл қалада болып жатқан жоқ. Тараған ақпарат осындай әсер қалдырып жатыр.
Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:
- Дональд Трамп Калифорния штатының құқық қорғау органдарымен ақылдаспай, еш себепсіз және заңсыз түрде біздің штаттың Ұлттық ұлан әскеріне көшеге шығуға бұйрық берді. Өкілеттігін асыра пайдалану аймақтағы жағдайды ушықтырып, халқымыздың, полиция мен сарбаздардың өмірін қауіпке итермеледі. Шетелде ұрыс қимылдарын жүргізу үшін арнайы дайындалған бұл жауынгерлер елдің ішкі тәртібіне араласуға мәжбүр. Оларға деген құрметіміз шексіз. Бірақ біздің көшелер әскерге толып кетті. Енді бұл іс Калифорниямен аяқталмайды. Басқа штаттар кезекте тұр.