Астаналық әйел 30-дан астам ата-ананы балабақшаға орналастырып беремін деп алдаған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Прокуратура мәліметінше, жергілікті тұрғын баласын балабақшаға орналастыруға үміттенген ондаған ата-ананы алдап, олардың ақшасын иемденген.
"Ол өз құрбандарын 2ГИС мобильді қосымшасындағы "Пікірлер" бөлімінен тапқан, онда ата-аналар балаларын мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауға көмектесу туралы өтініштерін қалдырған. Осындай хабарламаларды көріп, ол ата-аналармен байланысқа шығып, өзін "делдал" ретінде таныстырып, сыйақы үшін "Indigo24.kz" жүйесі арқылы балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтқан", — делінген хабарламада.
Әйел қаражатты алған соң, жасырынған. 30-дан астам алаяқтық дерегі анықталып, келтірілген жалпы шығын 1 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.
Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді.
"Сотта әйел өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді және жәбірленушілерге келтірілген шығындарды жартылай қайтарды, қалған шығын одан өндірілді. Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот оған 4 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бостандықты шектеу жазасын тағайындады".
Үкім заңды күшіне енді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!