Current Date: 13-06-2025

Үндістанда бортында 240-тан астам адам болған ұшақ апатқа ұшырады (видео)

Үндістанның Гуджарат штатындағы Ахмедабад қаласы әуежайының маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.

India Today басылымының жазуынша, төтенше жағдай бүгін, 12 маусымда әуе кемесі көкке көтерілгеннен кейін көп ұзамай болған.

Апатқа ұшыраған – Лондонға бағыт алған Air India әуекомпаниясының Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы.

Әуе апаты болған жерге шұғыл қызметтер, оның ішінде жеті өрт сөндіру көлігі жіберілген. Алдын ала мәлімет бойынша ұшақ бортында 242 адам болғаны айтылады.

Ал News 18 басылымының жазуынша, бортта 244 адам болған (232-сі жолаушы және 12-сі экипаж мүшесі).

Оқиғаға қатысты Air India әуекомпаниясының өкілдері Х әлеуеметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

"Бүгін, 12 маусымда Ахмадабад-Лондон Гатвик бағыты бойынша AI171 рейсін орындаған ұшақ оқыс жағдайға тап болды. Қазіргі уақытта біз барлық мән-жайды анықтап жатырмыз, жақын арада толығырақ мәлімет береміз", — делінген хабарламада.