Current Date: 16-06-2025

Қазақстанда Colorado School of Mines университетінің филиалы ашылады

Келер жылы Жезқазғанда «Колорадо тау-кен мектебі» университетінің халықаралық филиалы ашылады, деп хабарлайды 24kz.

Тау-кен ісі саласында әлем бойынша бірінші орында тұрған білім ордасы Ұлытау техникалық университетінің базасында орналасады. Бұл туралы келісім Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегацияның АҚШ-қа ресми сапары аясында жасалды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен америкалық университеттің жаһандық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джон Брэдфорд меморандумға қол қойды. 1873 жылы негізі қаланған оқу ордасы студенттерді өндірістік саладағы ең соңғы стандарттар бойынша оқытып шығарады. Сондай-ақ олар халықаралық инженерлік жобаларға қатысу арқылы тәжірибе жинауға мүмкіндік алады. Саясат Нұрбек алдағы қыркүйектен бастап фаундейшн бағдарламасына талапкерлер қабылданып, толық академиялық бағдарлама 2026 оқу жылында басталатынын айтты. Алғашқыда жылына 600-ге жуық студент қабылдау жоспарланған. «Олар толық грантпен және жұмыспен қамтылады», - дейді министр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Ол – дүниежүзінде бірінше орында тұрған тау-кен саласындағы Colorado School of Mines. Қазақстанға келетін болды. Толыққанды кампусын ашуға дайындалып жатырмыз. Сәтбаев университетімен бөлек келісімшарт негізінде 4 бакалавриат бағдарламасы ашылатын болды. Бұл Colorado School of Mines-тың ең мықты бағдарламалары: геофизика саласында, геология саласында, тау-кен саласында және мұнай-газ инжиниринг саласында. Және де «Қазақмыс» корпорациясымен бірігіп, Жезқазғанда, Ұлытау өңірінде, осы жаздың соңында үлкен геологиялық кластер ашылады. Сол кластердің негізінде енді бөлек мамандандырылған тау-кен мектебі ашылатын болады.

Джон Брэдфорд, Colorado School OF Mines университетінің вице-президенті:

- Қазақстанмен серіктес болып келе жатқанымызға біраз жыл болды. Білім ордаларымен байланысымыз бекіп келеді. Біздің университетте де қазақстандық студенттер біліктілігін арттырып жатыр. Және сирек минералдар нарығының маңызы арта түскен заманда пайдалы қазбаларға бай Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығу өте өзекті болып отыр. Орталық Азия мен көршілес елдердегі тау-кен индустриясының алпауыт компаниялары білікті мамандарды қажет етіп отыр. Соларды дайындауға, Қазақстанға қолдау танытуға өте қуаныштымыз.