Астана мен Ырғызды байланыстыратын жаңа жолдың жартысы Торғай өңірі арқылы өтеді, деп хабарлайды 24KZ. 13 елді мекенді қамтитын тасжол бойымен жүк тасымалы 3-4 есе артады деген болжам бар.
Бастапқыда жобалау жұмыстарының өзін қыркүйекте аяқтау жоспарланған еді. Алайда Премьер-министр Арқалыққа жасаған сапарында құрылысты тездетіп маусым айында бастауды тапсырды. Енді 4 жылда жұмыс толық аяқталуы тиіс. Ол үшін бір мезгілде 6 мың адам мен 4 мыңнан астам техника жұмылдырылады.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Арқалықтан Астанаға дейін баратын болсақ, 600 шақырым өтеміз. Жаңа жолмен 374 шақырым ғана болады. Экономика өсуіне негіз болады. Қазір де біраз қаражат бөліп жатырмыз. Биылғы жылдың бюджеті Арқалықтың 32 млрд теңгеге жетіп қалды. Ол 2022 жылмен салыстырсақ, 60% артық.