Current Date: 16-06-2025

Елордада «Жібек пен Жібек Жолы» көрмесі ашылды

Енді елорда тұрғындары мен қонақтары ежелгі жібек маталарының түпнұсқаларын, сондай-ақ заманауи өнер туындыларын тамашалай алады. Жібек тарихына арналған арнайы көрме Ұлттық Музейде ашылды. Дәл осы шара барысында Қазақстандағы Қытай туризмі жылы ашылды.

Ұлы Жібек Жолы – ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты тоғыстырған сауда мен өркениеттің алып желісі. Бүгін Ұлттық Музейге сол ұлы жол мен байырдан бағалы саналатын жібектің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылды.

Майра Тұрсынқызы, ҚР Ұлттық Музейі қызметкері:

Көрменің негізгі мақсаты — музейге келуші қонақтар мен шетелден келген қонақтарды Қытай мәдениетінің тарихымен, әсіресе жібек мәдениетінің тарихымен тереңірек таныстыру. Ал қазіргі біздің келе жатқан бағытымыз, осы тұрған орнымыз Қытайдың Таң дәуірі кезеңіне жататын, яғни, VIII ғасырға тиесілі шағын қалашықтың үлгісі.

Көрме Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы аясында, мәдени ынтымақтастық туралы меморандум негізінде ұйымдастырылып отыр. 3 бөлімнен тұратын экспозицияда жібек өрнектері, кестелеу және тоқу тәсілімен жасалған маталар, алтын-күміс бұйымдар сынды 146 жәдігер қойылған. Олар Қытайдан Қазақстанға арнайы жеткізілген.

Ян Ханлин, Қытай Ұлттық Жібек мұражайы, халықаралық алмасу департаменті қызметкері:

Осы ауқымды көрмені дайындауға бір жылдан астам уақыт кетті. Экспонаттарды ұшақпен жеткізген дұрыс па, әлде пойызбен әкелген тиімді ме деген мәселе бойынша ұзақ кеңестік. Сөйтіп сәуір айында іске кірісіп, алғашқы экспонаттар келе бастады. Ал ең маңызды деген 22 мәдени жәдігер бір апта бұрын ғана келді, себебі оларды арнайы, өте сезімтал ортада сақтау қажет болды.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Бұл — Цин дәуірі кезінен, яғни, XVII ғасырдан бері сақталып келе жатқан жәдігер. Музей қызметкерлерінің айтуынша, дәл осы айдаһар шапанын жоғары әлеуметтік топтан шыққан бала киген. Қызығы — шапанның етегінде өзен мен теңіз бейнесін көруге болады. Бұл Қытай мәдениетінде біртұтас мемлекетті, ұзақ өмір мен молшылықты білдіреді.

Көрмені 18 маусымнан бастап тамашалауға болады. 2 айға жалғасады. Музей қонақтары Қытайдың мәдениетімен және жібек өндірісінің терең дәстүрлерімен жақынырақ таныса алады.

Темірлан Нұржанұлы