Current Date: 18-06-2025

Елімізде қанша зейнеткер бар, олардың орташа зейнетақысы қанша

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 745,9 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді , оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 564,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 181,2 млрд теңге қарастырылды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны — 2 млн 481 мың адам.

— 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 502 теңге болып, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері — 95 814 теңге, базалық зейнетақы — 47 688 теңге, — делінген Еңбекмині хабарламасында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары — 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңге болды.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 110% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі 1 ай.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.