Current Date: 19-06-2025

Қарапайым азамат өз құқығын біле ме?

Құқықтық мемлекет құру тек заңдарды қабылдаумен шектелмейді, ол әр азаматтың өз құқығын біліп, қорғай алатын деңгейге жетуімен өлшенеді. Ендеше, «құқықтық сауаттылық» ұғымы мен халықтың оны қаншалықты білетініне тоқталайық.

Конституциямызда «Қазақстан Республикасы өзін құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», делінген. Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, азаматтардың құқықтық сауаттылығы жыл сайын артып келеді. Бірақ бұл өсім барлық ел бойынша біркелкі емес. Мәселен, қала тұрғындарының құқықтық сауаттылық деңгейі ауылдық аймақтарға қарағанда әлдеқайда жоғары екені жасырын емес. Бұл білім беру мүмкіндіктерінің, әлеуметтік желілерге қолжетімділіктің және құқықтық ақпарат көздерінің әртүрлі болып таралуына байланысты.

2022 жылы министрліктің жүргізген сауалнамасына сәйкес, еліміздегі әрбір үшінші азамат өзінің негізгі конституциялық құқықтарын толық білмейтінін мойындаған. Бұл құқықтық мемлекетті нығайту жолында елеулі кедергі екені анық. Қарапайым тұрмыстық жағдайдың өзінде құқықтық сауаттың төмендігі азаматтарға қиындықтар тудырады. Мәселен, еңбек шартынсыз жұмысқа орналасқан азамат жұмыс беруші алдында өз құқығын қорғай алмайды, себебі құжаттық негізі жоқ.

Сондай-ақ қазір әлеуметтік мессенджерлерде «халықтық заңгерлер» көбейіп кеткен. Олар көбіне азаматтарға бейресми әрі жиі қате кеңес береді. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары азаматтық істер бойынша жіберілген қателіктердің бірқатары осындай бейресми кеңестерге сенудің салдарынан болған. Осыған орай бүгінде мемлекет тарапынан бірқатар нақты бастамалар қолға алынып жатыр. Мәселен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Заң үстемдігі» жобасы аясында «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңірінде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жобаның басты мақсаты халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, жемқорлыққа қарсы бағыт қалыптастыру және азаматтардың заң аясында әрекет етуіне жағдай жасау. Жыл соңына дейін 300 мыңнан астам азаматты құқықтық сауаттылыққа оқыту жоспарланған. Бұл бағытта жаңа технологиялар да қолданылып жатыр. Мәселен, жасанды интеллект негізінде құрылған «Әйтеке» виртуалды көмекші іске қосылып, азаматтарға құқықтық кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеуге септігін тигізіп жүр.

Сондай-ақ қазір еліміздің барлық өңірінде заң орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтарда заңгерлер азаматтарды қабылдап, өтініштерін қарайды.

Құқықтық сауатты азамат – әділетті қоғамның тірегі. Сол себепті бұл бағыттағы жұмысты қоғам болып бірге атсалысуымыз керек.

Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,

Л.Гумилёв атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті