«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйытқы болуымен түсірілген «Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұлттық телеарна эфирінде көрерменімен қауышады. Осыған орай Астанадағы «Қазмедиа» орталығында құнды деректерді сөйлеткен фильмнің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Деректі топтама қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанова мен Гүлсім Асфендиярованың, алғашқы мұғалім, этнограф, аудармашы, журналист Нәзипа Құлжанова мен Хұсни-Жамал Нұрлыханованың өмір жолына арналған. Жоба авторы – журналист, документалист Әлия Әшім, қоюшы-режиссері – Қуаныш Жылжақсынов, сценарий авторы – Гүлнұр Қуанышбекқызы. Тағылымды шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер мен түрлі салада қызмет етіп жүрген белсенді әйелдер қатысты.
«Қазақ қызы» жобасы өз дәуіріндегі түрлі қиындықтарға қарамастан, білім алуға, халықты ағартуға ұмтылған қазақ әйелдерінің өмірін, күрескерлігін көрсетеді. Бұл фильмді жасаудағы басты мақсатымыз – қазақтың тұңғыш қайраткер әйелдерінің есімін, тарих сахнасындағы орнын дәріптеу, олардың ұлтқа деген риясыз қызметін кейінгі буынға жеткізу. Жобаны жетілдіріп, тарихи сериал ретінде де жарыққа шығару туралы жоспарымыз болған, алайда деректі фильмнің түсірілімі барысында кейіпкерлеріміз туралы деректердің тапшы екеніне көз жеткіздік. Біздің бұл бағыттағы ізденістеріміз әрі қарай да жалғаса береді», – деді фильм көрсетілімен кейін сөз алған «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Иә, Алаш қайраткерлері ақталғалы бері олар туралы зерттеулер көп жасалды. Шәкәрім Құдайбердіұды, Әлихан Бөкейханұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндерден бөлек, есімі көп аталмайтын Отыншы Әлжанов, Мәннан Тұрғанбаев, Биахмет Сәрсенұлы, Уәлитхан Танашев, Сәбит Дөнентаев және тағы да басқа тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы түгенделді. Алайда ел болып қалыптасуымыз үшін «жарты жаңқасы қалғанша» күрескен, ғұмырын ұлт мұратына арнаған әйелдер жөнінде толымды еңбектер тым аз. Әрқайсысы жеке тоқталып, жеке зерттеуді қажет етеді. Мәселен, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігерлердің бірі Гүлсім Асфендиярованың медицина саласына сіңірген еңбегі орасан. Ол – Орталық Азияда тұңғыш рет «кесір тілігін» жасаған маман. Бұл ғана емес, алғашқы жеке перзентхана ашып, акушерлерді даярлау курстарын ұйымдастырған тұлға ретінде де есімі тарихта қалды. Қаншама нәрестенің өмірін сақтап қалғанын білеміз. Сол секілді Әлихан Бөкейханның қызы Зейнептің де ұлтқа тигізген еңбегі ұшан-теңіз. Қазір әлемдік проблемаға айналған түсік тастау мәселесінің қаупі мен зиянын кешенді зерттеген. Демографиялық мәселелермен КСРО-ның медицина тарихында алғаш шұғылданды. Өкінішке қарай, қазақтың қайраткер қыздары қуғын-сүргінге түсті, көбінің елеусіз қалуының негізгі cыры осында. Бұдан басқа да қанша Алаш айымдарының есімі тарих қойнауында көміліп жатыр. Осы олқылықтың орынын толтырған «Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы шын мәнінде ұлттық телевизия қорына қосылған құнды қазына екені даусыз.
«Фильмді сондай бір үлкен толқыныспен тамашалап шықтым. Расымен де қазақта небір дана, зиялы арулар өткен ғой. Тек солардың дер шағында зерттелмей қалғаны, көпшілігінің есімі әлі де көмескі тартып жатқаны қынжылтады. Алаш арыстары секілді сол кездегі қазақ қыздарының да ұлт руханияты, ғылымы мен біліміне, өнеріне сіңірген еңбегі ерен. Қазір сол аруларымыздың еңбегін зерттеп, зерделемек тұрмақ, тіпті марқұмдардың қай жерде жерленгенін де білмейміз. Бұл – үлкен өкініш, жүректегі жазылмас жара. Осындай ауқымды да тарихи тақырыпты қолға алып, жүйелі зерттеу жүргізген жоба авторларына алғысым шексіз. Бұл ізденіс тоқтамай, келешекте де жалғасын табуы керек. Гүлсім мен Аққағаз, Нәзипадай қайсар қыздарымыз – келешек ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар», деп айрықша тебіреніспен өз лебізін жеткізген алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова ішкі толқынысын да, жанарынан ытқып шыққан көз жасын да ірікпей, айтулы тұлғалар туралы тұшымды әңгіме айтты.
Ал сөз соңында тың тақырыпқа түрен салып, тұлғатануға жаңашыл көзқараспен үңіліп, танымдық мәні терең фильмдерді түсірген жоба авторы, журналист, документалист Әлия Әшім айтулы жобаның түсірілім тарихына кеңінен тоқталды. Фильм авторы атап өткендей, деректі туындының түсірілім жұмыстары Қазақстан, Өзбекстан, Ресей елдерін қамтып, 10-нан астам қалада жүргізілген. Ауқымды жобаға отандық, шетелдік 50-ден аса зерттеуші атсалысқан.
«Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы «Qazaqstan» телеарнасынан 8-9 наурыз күндері сағат 15:25-те көрсетіледі.