Қытайдың оңтүстігіндегі Хунань провинциясында толассыз жаңбыр жауып, Лишуй өзені арнасынан тасып, мұның соңы тасқынға ұласты. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады. Олардың айтуынша, мұндай алапат тасқын 1998 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
Тасыған су көшелерді басып қалған. Қоқысты ағызып әкетіп, содан аяқ алып жүру мүмкін болмай тұр. Метеорологтардың айтуынша, биыл Қытайда жаңбырлы маусым әдеттегіден ерте басталды. Бұған климаттың өзгеруі себеп. Ал билік болса табиғат апатының жиілеуі елдің ескі су қорғау жүйесіне қауіп төндіріп, миллиондаған адамның қоныс аударуына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Испанияда күн жанып тұр
Ал Испанияда күн жанып тұр. Сынап бағанасы 40 градусқа дейін жеткен. Ауа райы қолайсыздығына байланысты жергілікті метеорология қызметі қауіптің қызғылт сары деңгейі бойынша ескерту жариялады. Шаруалар болса шыжыған ыстықта егін жинауға мәжбүр. Өйткені жиын-терінді жылдамдатпаса, дақылдар ыстыққа төзбей, бұзылып кете ме деп алаңдайды. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.