Қаратөбе ауданының прокуратурасы аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша қабылданған шараларды тексеру барысында іс жүзінде аяқталмаған жұмыстар үшін 6,5 млн теңгеден аса заңсыз аудару деректерін анықтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр қарашада атқарылған жұмыстар актісі бойынша Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округінің әкімімен құны 6 599 900 теңге болатын шағын футбол алаңын жөндеу бойынша жұмыстардың қабылданғаны анықталды.
Алайда Қаратөбе ауданының прокуратурасы фото және бейне тіркеуді қолдана отырып, шағын футбол алаңын көзбен шолып қарау барысында мердігер ұйымның сметалық құжаттамадан ауытқуға жол бергенін анықтады.
Атап айтқанда, орама жабынын, қоқыс салатын жәшіктер мен орындықтарды, шамдарды жабдықтау, сондай-ақ, қоршауды отырғызу жұмыстары аяқталмаған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Қаратөбе ауданының әкімдігімен Егіндікөл ауылындағы шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмысты сметалық құжаттамаға сәйкес орындау бойынша шаралар қабылданды.
Бұдан басқа, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі кеңесінің шешімімен мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін Егіндікөл ауылдық округінің әкіміне қызметке толық сәйкес емесі хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!