Былтыр Атырау облыстық прокуратурасына 2260 шағым келіп түскен. Бұл туралы өңірде өткен «Заң және тәртіп» апталығы аясында белгілі болды. Оның басым бөлігі сотқа дейінгі іс жүргізу сатысына тиесілі. Яғни 1370-тей шағым қаралған. Онан өзге қылмыстық-азаматтық істер, әкімшілік құқықбұзушылық заңдылығы мен түрлі әлеуметтік-экономикалық істерге қатысты да мәселелер бар.
Қоғамда заңға деген құрметті арттыру – прокуратураның басты мақсаты. «Бұл бағытта халықпен кері байланыс күшейтіліп, ашықтық пен әділеттілік қағидаттары басшылыққа алынуы тиіс», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы құқық қорғау орандарының кеңейтілген алқа мәжілісінде. Бүгіннен бастап облыстың 7 ауданы мен ауылдық округтерде өкілетті органдар мен мекеме-кәсіпорын өкілдері жұртшылықпен тікелей байланысқа шықты.
Бақытжан Сәдібеков, облыс прокурорының бірінші орынбасары:
- Жарияланған апталыққа сәйкес прокуратура органдары мен құзырлы өкілетті органдар қызметкерлері облысымыздың ХҚО-да және де облыс аудандарында осы жұмысты бастап кетті. Бұл іс-шараның негізі прокуратура және өкілетті органдардың қызметкерлері халықтың арыз-шағымдары, әлеуметтік құқықтық салада туындаған сұрақтарына жедел әрекет ету және шара көру болып табылады.