Current Date: 28-06-2025

«Amanat» медиасыйлығының иегерлері анықталды

Amanat партиясы жариялаған медиасыйлықтың жеңімпаздары анықталды.

Биыл 10 аталым бойынша 11 үздіктің есімі белгілі болды. Оның ішінде "Хабар" телеарнасы "Жеті күн" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі Жігер Сәрсен Шерхан Мұртаза және Қамал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» номинациясы бойынша топ жарды. Байқауға 3 мыңға жуық өтінім түсті. Барлық жұмыстың едәуір бөлігі "Еңбек адамы туралы үздік материал" аталымына тиесілі. Мәжіліс Спикері, Amanat партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов байқау жеңімпаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілін алдағы кәсіби мерекемен құттықтады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барша журналист қауымын құттықтап, мәртебелі марапаттар тапсырды. Президентіміз ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін ерекше атап өтті. Журналистер біздің ең жақын және ең сенімді серіктестеріміз. Өйткені БАҚ-сыз қоғаммен етене араласып, жұмыс істеу ол мүмкін емес. Журналистер партия өміріне терең бойлап, елдегі саяси процестерге араласса, аманаттықтар сіздер арқылы қоғамға өз жұмысын көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз.