Current Date: 15-03-2025

Мәжілістегі ханымдарды құттықтады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен 8 нау­рыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда Палата спикері нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтап , жылы лебізін білдірді.

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде 18 әйел депутат бар. Ерлан Қошанов олардың мемлекеттің игілігі жолындағы ерен еңбегі мен заң шығару ісіне қосқан мол үлесін атап өтті.

Жаңа Мәжілістің жасақталғанына екі жыл толғалы отыр. Мәжіліс төраға­сы осы уақыттың ішінде көп жұмыс атқарылып, маңызды заңдар қабылдан­ғанына ерекше назар аударды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Парла­ментке үлкен сенім артып отырғанын білесіздер. Халықтың да бізге артар аманаты мен үміті зор. Президенттің сол тапсырмаларын, азаматтардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын сіздер абыроймен атқарып келесіздер. Сол үшін шексіз алғыс айтамын, – деді палата спикері.

Жиын барысында Ерлан Қошанов биылғы көктем мерекесінде жаңа дәстүр­дің негізі қаланып жатқанын айтты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымының бірқатар өкілін мемле­кеттік наградалармен марапаттау жөнін­де арнайы жарлыққа қол қойды. Олар­дың қатарында біздің де әріптестері­міз бар. Жаңа ғана Айгүл Құспан Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды. Тағы бір мәртебелі марапатты Президентіміз маған табыстауды тапсырды. Депутат Ажар Сағындықова бүгін «Құр­мет» орденімен марапатталды. Бұл наг­радалар – Мемлекет басшысының Мәжі­ліс­тегі арулардың бәріне берген жоғары бағасы деп білемін, – деді Мәжіліс төрағасы.