Current Date: 14-03-2025

Ең үлгілі жүргізуші

Қыз-келіншектердің көлік жүргізетіні таңсық емес бүгінде. 74 жастағы Сәуле Мұсаеваның көлік руліне отырғанына 30 жылдан асқан. Кейінгі 22 жылдан бері жолаушы тасымалдап жүр.

Сәуле Мұсаева Алматы технологиялық инс­титутын бітіріп, инженер-технолог мамандығын алған. Еңбек жолын инженер болып бастаған. Кейін экономист, фабрика директоры қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Алайда үйде отырғанды жөн көрмейді.

«Бала кезімде көлік жүргізуге қызығушылығым оянған еді. Алғашқы көлігімді 1998 жылы сатып алдым. Содан бері бірнешеуін ауыстырдым. Зейнетке шыққаннан кейін Мақат ауданындағы көлік жүргізу мектебінде сабақ бердім», дейді С.Мұсаева.

Тәжірибесі мол жүргізуші көлікті өте сақ жүргізеді. Жол үстінде жылдамдықты асырмайды. Жаяу жүргіншілерге жол береді. Рульде отырғанда телефонды қолына ұстамайды. Тіпті телефонына қоңырау келіп тұрса да алаңдамайды.

«Көлік жүргізу – тек рульді ұстап, газ басу емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Кейбір жүргізушілер асығып, жол ережесін елемейді. Жолда әр секундтың маңызды екенін ескеру қажет. Болмашы қателіктің соңы орны толмас өкінішке, тіпті қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Сондықтан әрдайым ереже сақтаймын. Өзгелерге де осыны кеңес ретінде айтып жүремін», дейді ол.

Зейнеткер жүргізушінің пікірінше, әр жүргізуші жолдағы қауіпсіздікті сақтауға міндетті екенін ұмытпағаны жөн. Жол ережесін сақтау арқылы өзінің де, өзгелердің де өмірін сақтайды.

Мақат аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспектор, полиция майоры Сайфолла Қапа­новтың айтуынша, Сәуле Мұсаева – аудандағы ең үлгілі жүргізушілердің бірі. Оны жергілікті тұрғындар жақсы таниды.

«Аудан тұрғындары Сәуле апайдың ұқып­тылығы мен сабырлы мінезін жоғары бағалайды. Өйткені бірде-бір рет жол ережесін бұзған емес. Мұндай тәжірибелі жүргізушілер жас буынға үлгі болуға тиіс. Көктем мерекесі қарсаңында апамызды арнайы құттықтап, алғысымызды білдірдік», деді С.Қапанов.

Атырау облысы