Рыбакина мен Путинцева рейтингте төмендеді. Әйелдер теннисі қауымдастығы соңғы нәтижелерді саралап, әлемдік тізімді жаңартты. Оған сәйкес қазақстандық Елена Рыбакина 11-ші орыннан 13-ші орынға сырғыды. Ал Юлия Пуницева бірден 10 позицияны жоғалтып, 43-ші орынға түсіп қалды.
М. Почивалов халықаралық турнирде топ жарды
Почивалов халықаралық турнирде топ жарды. Италияның Тоди қаласында стенд атудан дәстүрлі GREEN CUP турнирі өтіп жатыр. Оған 33 елден 400-ден аса қатысушы жиналды. Араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Байрақты бәсекеде бас-аяғы 36 спортшымыз бақ сынап жатыр. Әсіресе жасөспірімдер арасында қазақстандық Максим Почивалов ең үздік нәтиже тіркеп, алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Шымкент қаласының өкілі стенд атудың «скит» бағытында сынға түскен болатын. Қоржынымыздағы медальдар саны тағы да арта түсуі мүмкін. Өйткені қазақстандық спортшылар енді стенд атудың трап бағытында жүлдеге таласады. Бұған қоса командалық бәсекелерге де қатысуды жоспарлап отыр. Тоди қаласындағы жарыстың жалпы қорытындысы 21 шілдеде белгілі болады.
Еурокубоктардың финалы біздің елде өтуі мүмкін
Біздің елде УЕФА Суперкубогы өтуі мүмкін. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, біздің тарап Еуропа футбол қауымдастықтарының одағына тиісті ұсыныс тастаған. «Яғни 2027 жылы УЕФА конгресін ұйымдастыруға, Конференциялар лигасының финалын қабылдауға немесе УЕФА Суперкубогын өткізуге мүмкіндік барын жеткіздік», – дейді Марат Омаров. Егер ұсыныс қабылданып жатса, айтулы аладоп аламаны өтетін қалаларды да бекітіп қойған. Яғни Алматыда не Астанада болады. Бұндай қадамдарға УЕФА президенті Александер Чефериннің Қазақстанға ресми сапарынан кейін жол ашылғанын алға тартты Қазақстан футбол федерациясының басшысы.
Марат Омаров, Қазақстан футбол федерациясының президенті:
- Биыл Александер Чеферин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Біз футболды дамыту мәселелері бойынша мазмұнды әрі терең пікір алмастық. Біз 2027 жылы УЕФА Конгресін қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында Конференциялар лигасының финалы немесе Суперкубокты өткізуге ресми ұсыныс бердік. Оған Қазақстан дайын. Қазір елімізде жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр.
Данияр Елеусінов АҚШ-та жұдырықтасады
Данияр Елеусінов Канело – Кроуфорд жекпе-жек кешінде жұдырықтасады. Бұл жөнінде оның промоутері Зия Алиев мәлімдеді. «Данияр қыркүйекте Канело – Кроуфорд жекпе-жегінің андеркартында жұдырықтасады. Қазір осы бағытта нақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Боксшының өзі қазір Питтсбург қаласында жаңа бапкермен жұмыс істеп жатыр. Дайындығы керемет деңгейде», – деді Зия Әлиев. Нақтырақ айтқанда, қазақстандық кәсіпқой боксшы қазір Питтсбург қаласы маңында білікті бапкер Том Янкеллоның залында дайындалып жатыр. Данияр Елеусінов соңғы рет 2023 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңға шықты. Алматы қаласында филиппиндік Джо Нойнайды нокаутпен жеңген болатын. Ол бүгінге дейін кәсіпқой рингте 12 кездесу өтізіп, 12-сінде де жеңіске жетті. Оның жетеуін уақытынан бұрын аяқтады. Ал жоғарыда айтқан Сауль Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы айқас 14 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.
«Болашақ ойындары» жарысын қабылдаймыз
Астанада киберспорттан жүлде қоры 10 миллион доллар болатын жарыс өтеді. «Болашақ ойындары» деп аталатын шара тура бір жылдан кейін ұйымдастырылады. Яғни 2026 жылдың 18 шілдесі мен 1 тамызы аралығында болады. Оған 100-ден аса елден 1500-ге жуық спортшы қатыспақ. Олар екі апта бойы киберспорттың 13 бағыты бойынша сынға түседі. Оның ішінде фиджитал- футбол, файтинг, дэнсинг, хоккей және дрондар жарысы бар. Қазіргі таңда халықаралық комиссия елордадағы ірі спорттық нысандарды арнайы тексерістен өткізіп, айтулы жарыстың жай-жапсарын талқылап жатыр.
Серік Жарасбаев, ҚР туризм және спорт вице-министрі:
- Біздің алдымызда Қазақстан жаһандық диджитал қоғамдастығына тарту, көшбасшылық позицияны иелену және Қазақстанда спорттық фиджитал ұзақ мерзімде дамуы үшін негіз қалпыстастыру өзекті міндеті тұр. Біздің қазіргі мақсатымыз – қозғалыстың әлемдік фиджиталдың көшбасшысына қосылып, Қазақстанның осы салада көшбасшылық позициясын қамтамасыз ету.