Кеше, 8 наурызда Ақтау-Алматы бағытындағы Air Astana әуе компаниясының ұшағы Ақтау әуежайына қайта оралды. Әуе компаниясы аталған жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға туралы рейс пассажирлері Instagram-дағы kris_p_brothers парақшасында айтып берген. Рейс пассажирінің айтуынша, ұшқанына 20 минут болған ұшақтың қозғалтқыштарының бірі істен шыққан.
"Салонда жарық сөніп, қатты гуіл естіліп, күйіктің иісі шықты. Стюардессалардың жан-жаққа жүгіріп, мазасызданғаны байқалды, бірақ адамдар тыныш отырды, бір-біріне қарап, не болып жатқанын түсіне алмай, дал болды", — делінген хабарламада.
Артынша, жазба авторының жазуынша, рейс командирі ұшақтың қозғалтқышы істен шыққанын және Ақтауға қайта бет алғанын хабарлады.
"Ұшақ бірден төмендеп, дірілдей бастады. 700 метр... Жылдамдық пен биіктік арта түсті, ал әуежайдың қарасы көрінбеді. Бір кезде кенеттен бірдеңе сықыр ете қалды.
Біреу дұға жасады, біреу жаман нәрсе ойламауға тырысты. Жерге қонған кезде ұшақ бортындағылар көзіне жас алды", — деп жазды жолаушылар.
Жазба соңында жолаушылар ұшқыштарға кәсібилік үшін алғыс айтты.
Air Astana әуе компаниясы өкілі NUR.KZ тілшісіне 8 наурызда Ақтаудан Алматыға бағыт алған KC 868 рейсі ұшқан жеріне қайта оралғанын жеткізді.
"Экипаж №1 қозғалтқыштағы май деңгейінің төмендігі туралы техникалық ескертуді назарға алып, стандартты процедураларға сай қозғалтқышты өшірген.
Ұшақ Ақтауға аман-есен қонды. Жолаушылар компания тобының резервтік ұшағымен жеткізілді", — делінген компания хабарламасында.