Current Date: 01-08-2025

АҚШ-та роботакси қызметі кең тарап келеді

АҚШ-та жүргізушісіз такси қызметі кең тарап келеді. Илон Масктың Тесласының алдын орап кеткен Waymo компаниясының автономды көліктері қазір аптасына 250 мыңнан астам сапар жасайды. Жаңа технология арқасында Феникс пен Лос-Анжелесте жол апаты айтарлықтай азайған. Қос қаланың ізімен басқа шаһарлар да роботакси қызметін іске қосуға ниетті.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Ұшатын көліктердің ауылы алыс болғанымен, шопырсыз таксилер Лос-Анджелес, Сан-Франциско және Аризона штатында қолданысқа кеңінен енгізіліп жатыр. Соның біреуін қазір біз де шақырып онымен жүріп көрмекпіз. Арнайы қосымшаны қолдандық. Біраздан кейін бізді әлемдегі алғашқы толық автономды түрде жұмыс істейтін такси алып кетеді.

Роботакси күнделікті қолданатын такси сияқты жылдам келе қалды. Қауіпсіз жол жиегіне тоқтап, бізді ішіне кіргізді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Міне, өздеріңіз көргендей ешқандай жүргізуші жоқ. Тек рөл ғана бар. Ал кеттік сапарымызды бастап, жүргізушісіз таксиімізді бағалап көрейік.

Кіре салысымен көлік ішіндегі тәртіп пен қосымша арқылы басқару тәсілдерін түсіндіріп берді. Қалаған музыкаңызды қойып, жайлы температураны таңдауға болады. 360 градусты түгел қамтитын сыртқы камерасынан бөлек, көліктің ішінде де арнайы бақылау құрылғысы орнатылған. Жасанды интелектке негізделген карта жүйесі бар. Жол жүру белгілерін мұқият бақылап, қызыл бағдаршам жанғанда тоқтап, жаяу жүргіншілерге жол беріп күтіп тұрады. Таңғалдық. Жалпы АҚШ-та қазір 1500 робот такси жұмыс істейді. Бір айда бір миллионнан аса сапар жасайды. Тағы бір қызығы бизнес инсайдер басылымының жазуынша, олар жүргізушісі бар таксиге қарағанда жол апатына көп ұшырамайтын көрінеді. Бірақ көшеде кетіп бара жатып, бұзылып, жүрмей қалған кездері болғандықтан кей тұрғындар оларды қолданудан секем алып қалған.

Қазір Waymo компаниясына Илон Масктың Тесласы басты бәсекелес. Алғашқы сынақты Остин қаласынан бастаған миллиардер, Лос Анжелесте роботтар қызмет көрсететін дәмхана ашып, жұртты елең еткізді. Мұндай жаңашылдықты АҚШ-тың өзге штаттары қолдап, жүзеге асыруға кіріскен. Солардың бірі – дәл осы көлік алғаш іске қосылған Аризона штаты.

Крис Камачо, Феникс қаласы экономикалық кеңесінің мүшесі:

- Біздің аймақ жасампаздық пен жаңа технологияны үнемі қолдайды. 10 жыл бұрын осы автономды көліктерді сынақтан өткізгенде, қобалжыған едік. Бірақ қазір жүздеген шопырсыз такси көше-көшені кезіп, зулап жүр. Осы секілді стартаптарды қолдайтынымызды көрсеткен соң қаламызға өнертапқыштар мен ғалымдар көптеп келе бастады. Соның арқасында Феникстің экономикалық, ғылыми әлеуеті артып, беделі өсті.

Қазір Остин, Атланта, Филадельфия сияқты ірі қалалардың кей аудандарында жолаушыларды осындай таксилер көп тасиды. Ел астанасы Вашингтон мен Нью-Йорк және Майамиде де сынақтан өткізіліп жатыр. 2026 жылға қарай тағы 10 шаһарда жүйіткейді.