Жаңа жобада діни білім беру мазмұны мен оны жеткізу тәсілдері қазіргі заман талабына сай қайта қарастырылады.
Дубайда мешіттердегі діни білім беруді жаңғыртуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Бұл бастама аясында уағыздар мен сабақтар қысқа, мазмұнды және қазіргі қоғамға жақын тақырыптар төңірегінде бірыңғай форматта өтеді. Ерекше назар балалар мен жастарға аударылып, мешіт олар үшін түсінікті әрі рухани маңызды ортаға айналуы көзделіп отыр. Бұл туралы The Times of India хабарлады.
Дубай әмірлігінің Ислам істері және қайырымдылық қызметі департаменті (IACAD) "Мешіт сабақтарын дамыту және уағыз мазмұнын біріздендіру" атты стратегиялық бастаманы жариялады. Бұл жоба – өңірдегі діни-ағартушылық жұмысты жаңаша бағытта дамытуға арналған ауқымды қадамдардың бірі.
Басты мақсат – мешіттердегі діни сабақтардың сапасы мен өзектілігін арттыру. Жаңа жобада діни білім беру мазмұны мен оны жеткізу тәсілдері қазіргі заман талабына сай қайта қарастырылады. Жаһандану мен әлеуметтік өзгерістер жағдайында ислам ілімінің мән-маңызын сақтай отырып, оны бүгінгі ұрпаққа түсінікті әрі тартымды ету көзделуде.
Жоба аясында уағыздарды бірыңғай мазмұн мен әдістемеге сәйкестендіру қолға алынды. Бұл тәсіл дәстүрлі ислам білімін заманауи қоғамның сұраныстарына бейімдей отырып, тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Мешіттер рухани тәрбие мен қоғамдық бірлік орталығы ретінде қарастырылып, сабақтар құрылымды, қысқа әрі мәнді болмақ.
Сабақ бағдарламалары мұсылман қауымының күнделікті өміріне жақын тақырыптарға негізделген. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған мазмұн мұқият әзірленген. Сабақтар интерактивті және тартымды болу үшін заманауи әдістер пайдаланылады. Әр сабақтың ұзақтығы бес минуттан аспайды, бұл негізгі идеяларды нақты әрі ықшам жеткізуге мүмкіндік береді.
"Бұл бағдарлама – діни сабақ беру әдістемесін елеулі түрде жетілдіру. Ол аудиториямен шынайы байланысты орнатуға және біржақты дәріс емес, өзара диалогқа негізделген", – деді жобаның жетекшісі Джасем Мұхаммед Әл-Хазраджи.
Бұл бастама Дубайдағы ислам білім беру саласының болашағына бағытталған маңызды қадам болады. Ол рухани тереңдікті, заманауи маңыздылықты және педагогикалық тиімділікті ұштастыра отырып, діни білімнің күнделікті өмірде өзекті әрі пайдалы болуына жағдай жасайды.
Оқи отырыңыз:
Имамдар мешіт пен әлеуметтік желіде енді қалай уағыз айтады? Жаңа ережелерді түсіндіреміз
Уағыз айтудың жаңа тәртібі: Имамдар енді қазақтың би-шешендерінің сөздерін қолданады