Қостанай облысында жабық спорттық нысандардың жетіспеушілігі кезең-кезеңімен шешіліп келеді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мәселе спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы арқылы реттеліп жатыр.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыста жеті жаңа спорттық-сауықтыру кешені ашылады. Солардың бірі Сарыкөл ауданында орналасады. Әзірге ауыл тұрғындары мектеп спорт залдарында жаттығуға мәжбүр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Мынау Сарыкөл ауылындағы №1 жалпы білім беру мектебінің спорт залы. Былтыр жөндеу көрген. Бізге іші тарлау, көзге жұпынылау көрінді. Бірақ бары осы болса, қайтпек. Аудан орталығындағы төрт мектептің оқушылары мен жергілікті колледж студенттерінің қыс мезгілі бір сәт жүгіріп, доп тебетін жалғыз орны осы.
Бұрхат Әбілмәженов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Балалар көп. 300 бала бізде. Сосын 4 мектеп осында бар. Төрт мектепке жетпейді. Мынандай кішкентай залда ойнай алмаймыз, қауіпсіздік техникасы қиын, балаларға құлап, сүрініп, балаларға қауіпті.
Ауданда спортқа жақын жастар көп. Бірақ алаң, залдардың жетіспеушілігінен олардың бәрін қамту мүмкін болмай тұр. Қазір Сарыкөлде бес спорт секциясы ғана жұмыс істейді.
Дмитрий Моисеев, Сарыкөл ауданы спорт бөлімінің басшысы:
- Осы ауданда спорт залы жетпейді. Барлық мектеп кешке қарай секцияға қатысады. Ал үлкен кісілер ешқайда бара алмайды. Орын жоқ дайындайтын. Бізде шағын футбол, волейбол, баскетбол жоқ. Осы зал осы сұрақтарды шешіп береді бізге.
Спорт бөлімінің басшысы мәселені шешетін осы зал деп, құрылысы созылып кеткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені жайлы айтып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бұл нысан екі жыл бұрын тапсырылуы тиіс еді. Алайда жобасынан кінәрат шығып, қайта түзетіліп жасалған.
Жанат Жиенбаев, Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары:
- Осы жобаның бір себептерінен бізде свайлар болып құйылатын, жерасты суларының пайда болуына байланысты, біз оны плитаға ауыстырдық та, корректировка өткізіп, құрылысын жалғастырдық. Сол үшін созылып кетті бізде. Қазіргі таңда 99,9% жұмыстары аяқталды. Осы айда бітіріп, уже ашылу салтанатын өткіземіз.
Аумағы 2 мың шаршы метрге жуық кешенде бір ауысымда елу адам жаттыға алады. Алдағы уақытта мұнда тоғыз спорт түрінен секция ашу көзделіп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг