Алматыда күрес түрлерінен 17 және 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Қазақстан біріншілігі аяқталуға жақын. Еліміздің барлық өңірінен келген жас спортшылар Алатау баурайында өзара мықтыларды анықтауда. Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі грек-рим күресінен U-20 балуандар арасында топ жарған Ақтөбе облысының аға бапкері Ерлан Мырзағұловпен сұхбат құрған болатын.
Ақтөбе облысы — грек-рим күресінен елімізге танымал балуандарды сыйлаған өлке. Әсіресе "классикалық" күрес Шалқар ауданында қарқынды дамыған. Осы өңірдің тумасы Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатында екі рет жүлдегер атанып, Токио Олимпиадасында бақ сынады. Алматыдағы ел чемпионатында да ақтөбелік грек-рим күресі шеберлері жалпыкомандалық есепте көш бастады.
"Біздің жақсы нәтиже көрсетуімізге Ақтөбеде спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың салынуы бірден-бір себеп болуда. 2017 жылы өңірімізде Есет батыр атындағы спорт интернаты ашылды. Бұған дейін талай балуаанды дайындап, енді нәтиже көрсететін шағында Алматы мен Астанаға жіберетінбіз. Өйткені негізгі интернаттар сол жақта еді. Қазір жігіттер көз алдымызда, өзіміздің қолымызда өсіп жатыр. Ал бапкер үшін шәкіртінің жетістігінен асқан бақыт бар ма? Бар саналы ғұмырымыз кілемнің айналасында өтіп жатыр. Біз де қазақтан чемпион шығаруды, грек-рим күресінен Жақсылық атамыздың ізбасарын дайындауды армандаймыз", — дейді Ерлан Дабылұлы.
20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Қазақстан біріншілігінде ақтөбелік грек-рим күресінің шеберлері 1 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль иеленіп, 126 ұпаймен жалпы есепте бірінші орынға шықты.
"55 келідегі басты жұлдызымыз — Арсен Жұма. Осымен еліміздің екі дүркін чемпионы атанып отыр. Одан бөлек, тағы екі балуанымыз финалда белдесіп, жеңіліс тапты. Үш финалист шығардық. Қола медаль алған, тіпті, жеңіліп, медальсіз қалған жастарымыз да жақсы күрес көрсетті. Біздің мақсатымыз – жастар арасындағы әлем, Азия чемпионатына жолдама алу. Ересектер құрамасына Ақтөбе күрес мектебінің өкілдерін қосып, еліміздің намысын әлемдік жарыстарда қорғауға үлес қосу. Қазір аймақтағы күрес түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Облыстық спорт басқармасына Мейрамбек Махамбетов келіп жатыр. Тағайындалғанына аз күн болса да, бізге көмегін аямай, осы жарысқа алаңсыз аттануымызға жағдай жасады. Ол бұдан бұрын да облыстық спорт саласын басқарып, жақсы нәтижелерімізге себепші болған", — дейді бапкер.
Қазіргі таңда грек-рим күресі Ақтөбе облысының Шалқар ауданында қарқынды дамып келеді.
"Біздің аймақта "классикалық" күрестің отаны – Шалқар ауданы саналады. Осы өңірдегі грек-рим күресінің тарихы да, қазіргі даму қарқыны да жақсы. Облыстың өзге өңірлерінде еркін және әйелдер күресіне басымдық берілген. Біз Шалқар мектебінің түлегі болғандықтан, өзіміздің ең мықты саламызды дамытуға күш саламыз. Өзім де жасөспірімдер деңгейінде күрестім. Әйгілі балуанымыз Нұрбақыт Теңізбаевпен, Ербол Қоңыратовпен бірге оқығанмын. Олар сияқты кілемде жарқырап жүре алмасам да, бар ғұмырымды шәкірт тәрбиелеу деген саналы іске арнап жатырмын. Шәкірттерімнің шоқтығы биік болса екен", — дейді Ерлан Мырзағұлов.