Өзбекстан шаруалары былтыр 2 млрд текше метрден астам су үнемдеді.
Ал тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы бойынша 849 мың гектар алқаптан мол өнім жиналды. Үкімет шаруаларды су үнемдеуге ынталандыру мақсатында кейбір салық түрлерінен де босатқан. Ташкентте Қазақстанның бір топ маманы көрші елдегі су үнемдеу технологиясымен танысып, семинар тренингке қатысты.
Өзбекстанның су үнемдеуде өзіндік әдісі бар. Көршілер әсіресе тамшылату мен жаңбырлатып суаруды жетік меңгерген. Биыл 1 млн гектар жерге егілетін дәнді дақыл осы технология бойынша бапталады. Шаруалардың да су үнемдеуге келгенде қызығушылығы жоғары. Себебі үкімет салықтық жеңілдіктер жасап, субсидия бөледі.
Сабитжон Маматов, Өзбекстанның су басқару ұлттық жобасының маманы:
- Бастапқада бізде кемшіліктер болды. Су үнемдеу жүйесінің жобасына аса мән берілмеді. Бұл өз кезегінде барлық жүйеге әсер етті. Одан кейін су мектебі ашылды. Маман даярлау, су үнемдеген шаруаларға субсиядия бөлу -деген сияқты жүйелі бағдарламалар енгізілді. Қазір жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Біз бір өзеннің суын тұтынамыз. Сондықтан бәріміз үнемдеуді меңгерсек, судан таршылық көрмейміз.
Қазақстандық мамандардың дені еліміздің оңтүстік аймақтарынан келді. Олар су саласында еңбек етеді. Үнемдеу технологиясын теориялық және практикалық тұрғыда меңгергендер, елге барып тәжірибелерімен бөліспек.
Қанат Оралов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Тарифтік саясат департаменті директорының орынбасары:
- Өзбекстандағы әріптестеріміздің бұл салада жалпы су және су өнемдейтін салада тәжірибесі мол. Өзбекстандық әріптестерден үйренеріміз көп. Тамшылатып суару мен жаңбырлатып суару бойынша үш күндік семинарда үйреніп жатырмыз.
Алдағы 10 жылда Орталық Азияда су тапшылығы қатты сезілмек. Оған аймақтағы халық санының өсуімен климаттың өзгеруі әсер етеді. Сарапшылар қазірден бастап алдын алмаса, жағдай ушығады — деп отыр. Ал оның ең ұтымды әдісі әрине суды мейлінше үнемдеу.
Дулат Нуркин