Қазақстандық танымал блогер Ерболат Жаңабылов әйелі Эльмира Төлегенованы 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында ерекеше тосынсыймен қуантты. Ол 10 жыл отасқан жұбайына үйленуге ұсыныс жасаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың заңды некеге тұрып, отбасын құрғандарына 10 жылдың жүзі болған. Бүгінде олардың үш баласы бар. Алайда жұбайлардың дүркіретіп той жасауға сол уақытта қаржылық жағдайы келмеген.
"Студент кезімізде өзіміз тапқан ақшамыз болмады. Бірақ армандарымыз асқақ еді. Сол кезде қаржылық жағдайымыз түзелген соң той жасаймыз деп уәде берген едік. Алайда уақыт өтіп жатты, мүмкіндік болмады. Біз жай ғана некеге тұрдық. Үйлену туралы әсерлі ұсыныс ақыры бұйырмады. Міне, қол ұстасып жүргенімізге 12 жыл, отбасы болғанымызға 10 жылдан кейін біз той жасаймыз деп шештік. Жақында – үйлену тойы. Оның бәрін Ербол ұйымдастырып жатыр", — деп жазды Эльмира Төлегенова.
12 жылдан кейін жұбайына үйленуге ұсыныс жасаған Ерболат тосынсыймен жұбайын ғана емес астаналықтарды, сондай-ақ желі қолданушыларын да таңғалдырған. Ол сүйіктісін таңғалдыру үшін арнайы күйме жалдап, оны қызыл раушан гүлге толтырып, Астана көшелерімен жүріп өткен.