Current Date: 14-03-2025

Балаларға арналған міндетті екпелер қандай?

№36 Алматы қалалық емханасының педиатры Әсел Ералықызы Ұлттық екпе егу күнтізбесінде қарастырылған екпені әр бала алуы қажет екенін айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Маманның сөзінше, бұл вакциналар вирустық A және B гепатиттері, b типті гемофилді инфекция, полиомиелит, туберкулёз, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит (мысқыл ауруы) және басқа да қауіпті аурулардан қорғайды.

Вакцина сәбиге перзентханада жатқан кезінде-ақ салына бастайды.

"Перзентханада нәрестеге туберкулёзге (БЦЖ) және B гепатитіне қарсы екпе егіледі. 2 айлық кезінде емханада балаға көкжөтел, дифтерия, сіреспеге қарсы кешенді вакцина (АКДС), сондай-ақ, B гепатиті, полиомиелит, b типті гемофилді инфекция және пневмококк инфекциясына қарсы екпе салынады. 3 айында АКДС, полиомиелит және b типті гемофилді инфекцияға ревакцинация жасалады. 4 айында осы ауруларға қарсы үшінші рет екпе егіліп, пневмококк инфекциясына қайтадан вакцина салынады", — деді Әсел Ералықызы.

  • 12-15 айлық кезінде балаға қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, полиомиелит және пневмококк инфекциясына қарсы екпе егіледі.
  • 1,5 жасында АКДС, полиомиелит және b типті гемофилді инфекцияға ревакциналау жүргізіледі.
  • 6 жасында туберкулёз, қызылша, қызамық және паротитке қарсы қайта вакциналау жасалады.
  • 11 және 11 жас 6 айында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салынады, ол жатыр мойны қатерлі ісігі және осы вирусқа байланысты басқа да онкологиялық аурулардан қорғайды.
  • 16 жасында сіреспе мен дифтерияға қарсы (АДС-м) екпе егіледі, оны одан әрі 10 жыл сайын қайталап жасату қажет.

Дәрігердің айтуынша, екпе балаларды жұқпалы аурудың ауыр түрінен қорғайды.

"Вакциналау — қауіпті аурудың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Ата-ана баланы мемлекеттік немесе жеке клиникаға тіркегеніне қарамастан, барлық міндетті екпе тегін екенін ұмытпауға тиіс", — деді маман.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!